Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудың барысы және шешімін күтіп тұрған мәселелер бойынша облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен аудандық бағыныстағы қалалар мен ауыл-село және кент әкімдерінің семинар-кеңесі болып өтті.
Семинар-кеңесте облыс әкімі С.А.Дьяченко баяндама жасады.
–Біз аса жауапты кезеңде тұрмыз,–деді ол өз сөзінде. – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудың барысы және шешімін күтіп тұрған мәселелерді барша деңгейдегі әкімдердің басын қосып талқылап, не атқарылып, не істелгендігін саралау қажет болды. Өйткені, еліміздің тәуелсіздігін лайықты қарсы алуымыз қажет. Оның үстіне елімізді индустрияландырудың президенттік бағдарламасын және Ақмола облысының түрлі саладағы бағдарламаларын жүзеге асыру бізден күн сайынғы қажырлы еңбекті, ойлы жұмысты, тың ізденісті қажет етеді.
Облыс әкімі өзінің баяндамасында жергілікті өзін-өзі басқарудың маңыздылығына айрықша тоқталды. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті жерлердің барлығында да жағдайлар жасалуы керек. Жергілікті жердегі әкімдер өздерінің округтары бойынша қандай мәселені шешулері қажет болады, соны айқын білгендері жөн. Жасыратыны жоқ соңғы кезде облыстың көптеген аудандарында малдың басы кеміп барады. Бұл неге олай? Жергілікті әкімдер бұл мәселеге неге көңіл бөлмейді? Малдың азығын дайындауда, ауылды жерлерде малды қолдан ұрықтандыру, мал дәрігерлік қызметті жолға қою мәселелерімен түбегейлі айналысатын кез келді. Ауыл шаруашылығы саласында маман кардрлардың жетіспеушілігі етек алып келеді. Бастаған ісіміз аяқсыз қалып жататыны да болады. Мысалы, облыс бойынша 110 мал сою цехтары салынса, қазір соның 84-і ғана жұмыс істеп тұр, 26-сы тоқтаған. Ауылды жерлерде сүт сатып алатын пункттерді дұрыс ұйымдастыра алмай отырмыз. Осы орайда облыс әкімі С.А.Дьяченко бір ғана Зеренді ауданында 54 сүт дайындау пунктінің жұмыс істеп тұрғандығын айтып, Зеренді ауданының әкімі Ербол Сағдиевша жұмыс істеңдер деген пікірін де жасырып қалған жоқ. Баяндамашы өзінің сөзінде Астананың азық-түлік белдігін жасаудың маңыздылығын атап көрсетті.
Жергілікті жердегі мектептердің жағдайын жақсартуға айрықша мән берілсін. Балаларды бала бақшамен қамту ісінде әлі де көп ілгері кете қойған жоқпыз. Ауылдық елді мекендерді көркейту басталып, құрылысы жүріп жатқан нысандардағы істі сапалы аяқтау мәселенің маңыздысы болып қалады.
Семинар-кеңесте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Мұратбек Тақамбаев, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Александр Мартыненко, облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Ербатыр Ахметов, облыстық діни істер басқармасының төрайымы Сәуле Ыбыраева сөз сөйлеп, әкімдердің назарына облыс бойынша мән беріліп отырған негізгі мәселелерді ұсынды.
Бұл семинар-кеңестің пайдасы зор екендігін айтқан жөн. Ең әуелі әкімдердің жауапкершілігін күшейтумен бірге нақтылы міндеттерді саралау арқылы Елбасының Жолдауына орай атқарылуға тиісті істің бәрінің ойдағыдай өз шешімін табудың маңыздылығын қайра бір ұғындырғандай болды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі