Облыс басшысының Степногор қаласында алғашқы ат басын тіреген нысаны қайта жаңғыртылып жатқан су жүйесі учаскесі болды. Қала тұрғындары үшін сумен қамтамасыз ету мәселесін оң шешудің маңыздылығына тоқталған облыс әкімі осы жұмысты жүргізіп жатқан «МСУ-А» серіктестігінің басшысы А.Агеев пен осы салаға жауапты мекеме басшыларына жөндеу жұмыстарының сапасына баса назар аударып, жұмысты белгіленген кестеге сай аяқтауды тапсырды. Бұл серіктестік, сондай-ақ, магистралды су желілерін жөндеу жұмыстарын да жүргізуде.
Бұдан кейін аймақ басшысы жаңадан салынып жатқан 280 орындық бала бақшаның құрылыс алаңына келді. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Басок» жеке кәсіпкерлігіне жұмыс қарқыны, оны ұйымдастыру және мамандармен қамту барысында жол берілген олқылықтарға байланысты сын-ескертпелер жасаған облыс әкімі кемшіліктерді тез арада жоюды тапсырды.
Қазіргі заманғы озық технология бойынша жұмыс істейтін «Тепличные технологии» серіктестігінің жұмысына оң бағасын берген облыс басшысы осындай игі бастамаларды барлық өңірде жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды. Кәсіпорынның болашағы жайлы айта келе, көкөніспен, томатпен облыс орталығын және Елорданы қамтамасыз етуге баса назар аудару қажеттігін ескертті.
Облыс басшысы қаладағы басқа да бірқатар кәсіпорындарда, соның ішінде, жылу-электр орталығында болып, атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының барысын көріп, уақыт кестесінен қалып қоймау жайын пысықтады.
Осы күні облыс әкімі Ақкөл ауданында болып, жұмысын жаңадан бастап жатқан «SK Food» серіктестігінің қызметімен танысты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі