Көкшетауда, маусымның 30-ы күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз бесінші сессиясы болып өтті. Сессияның жұмысына облыс әкімі Сергей Дьяченко қатысып отырды.
Депутат Асылбек Есмағамбетовтың төрағалығымен өткен бұл жолғы сессия ең әуелі жуырда қайғылы жағдайда қаза болған облыстық мәслихаттың депутаты А.Д.Клименконы бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.
Күн тәртібіне шығарылған бірінші мәселе – Астана қаласы құрылысының ерекше аймағының шекарасын реттеу және қала іргесі аймағының шекарасын белгілеу туралы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы В.К.Фелбелт хабарлама жасады. Ел ордасы Астана қаласының жыл сайын өсіп-өркендеуіне және тұрғындарының өсуіне байланысты құрылыс нысандары молдап салынып жатыр. Осыған орай, Астананы одан әрі ұлғайтуға жер керек. Қазақстан Республикасының тиісті заңдарына сәйкес бұл жерлер елорданың іргесіндегі Ақмола облысының жерлерінен берілуі қажет. Осы мәселе бойынша Астана қаласы бас жобасы ғылыми-зерттеу институты бастығының орынбасары А.Ш.Чиконаев сөз сөйлеп, тәуелсіз еліміздің Елордасын дамытудың жоспар-жобасымен таныстырды.
Облыстық мәслихаттың хатшысы, депутат Өмірсерік Мұсабаев облыстық мәслихаттың жанынан мемлекеттік мүдде үшін жер учаскелерін сатып алудың келісім жобаларын жасау үшін комиссия құру, облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясын тарату және облыстық мәслихаттың жекелеген шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, кейбіреулерінің күшін жою туралы хабарламалар жасады.
Сессияда қаралған барлық мәселелер бойынша және облыстық мәслихаттың депутаты А.Д.Клименконың өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде шешімдер қабылдады.
Облыс әкімінің баспасөз хатшысы