Бүгін Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрында Қазақстан Республикасының салық қызметінің 20 жылдығына арналған салтанатта облыстық салық басқармасының бастығы Дулат Нұрмолдин баяндама жасады.
– Біз тәуелсіздіктің бел баласымыз әрі құрдасымыз деді ол өз сөзінде. – Елбасының экономикалық және салық саясатын тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бастап дұрыс жолға қоя білуінің нәтижесінде республиканың салық қызметі тез арада аяғынан тік тұрып, қазіргі уақытта мемлекетіміздің белді де абыройлы бір қызметтік жүйесіне айналды. Бұрын халық салық қызметін жазалаушы бір орган деп таныса, қыруар үгіт-түсінік жұмыстарының нәтижесінде біз салық төлеушілердің сенімді серіктеріне, ақылшыларына айналдық. Өзара сенімді байланыс пайда болды. Бұл салық қызметкерлерінің өз ісін жетік білулерінен және жұмыс мәдениетін жолға қоя алғандығынан қол жеткізген нәтиже болып саналады.
Облыс әкімі С.А.Дьяченко өзінің құттықтау сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биыл-ғы Жолдауынан туындайтын міндеттердің зор екендігін, соған сәйкес салық қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғандығын атап көрсетті. Қазіргі уақытта елімізді индустрияландырудың кешенді бағдарламаларды жүзеге асыруда салықтың түсімін молайту аса қажет. Биылғы жылдың бес айында мемлекеттік бюджет түсімі 28,4, жергілікті бюджет түсімі 28,1, республикалық бюджет түсімі 28,6 пайызға асыра орындалды. Жылдың жоспары да ойдағыдай орындалады ғой деген сенім бар.
Салтанатта облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірсерік Мұсабаев, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкин, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша басқарма төрағасының міндетін атқарушы Марат Құлмағанбетов және басқалары сөз сөйлеп, салық қызметкерлерін құттықтап, өз тараптарынан Алғыс хаттар табыс етті. Салтанат соңы мерекелік концертке ұласты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі