Ақмола облысы әкімінің 2011 жылдың 28 маусымындағы өкімімен Еркеш Баяхметұлы Баяхметов облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалды.
Еркеш Баяхметұлы Баяхметов 1951 жылы туған. 1973 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, 1989 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын 1973 жылы Көкшетау облысының «Карасев» кеңшарында агроном болып бастады. Бірқатар шаруашылықтарда бас агроном, кеңшар директоры, 1984-1992 жылдары халық депутаттары Щучье аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1992 жылдың ақпанынан 1993 жылдың маусымына дейін Көкшетау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, кейін «Бурабай» ұлттық паркінің директоры, «Құнарлық» акционерлік қоғамының төрағасы болды. 1998-1999 жылдары ҚР Премьер-Министрі кеңсесінде Бас инспектор, 2001-2004 жылдары Көкшетау қаласының әкімі болды. 2005 жылдан «Арг-Роз» серіктестігінің директоры және «АгрЭксАгро» акционерлік қоғамының вице-президенті.
***
Ақмола облысы әкімінің 2011 жылдың 28 маусымындағы өкімімен Наталья Петровна Зозуля облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы болып тағайындалды.
Наталья Петровна Зозуля 1960 жылы туған. Көкшетау университетін агроөнеркәсіп кешеніндегі инженер-экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1979 жылы Көкшетау қалалық қаржы бөлімінде аға бухгалтерліктен бастаған ол 1990-1993 жылдар аралығында қалалық салық инспекциясында бас инспектор болып қызмет істеді. 1993-2001 жылдарда Көкшетау қалалық салық инспекциясы бастығының орынбасары, 2001 жылдың қыркүйек айынан 2006 жыл-ға дейін облыстық салық комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. 2006-2007 жылдары «Көмек-Көкше» серіктестігінің қаржы директоры болды. 2007 жылдың қазан айынан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі