Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елімізді индустрияландыру бағдарламасына сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың алғашқы нәтижелері бой да көрсете бастады. Облыс әкімі Сергей Дьяченко аймақтық индустриалдық картаға енгізілген инвестициялық жобалар қатарындағы Көкшетау қаласындағы қағаз сүлгілер шығаратын зауыт пен Зеренді ауданындағы «Зеренді астық қабылдау кәсіпорны» серіктестігінің астық сақтайтын қоймасының астықты кептіріп, тазартатын жаңа желісінің ашылуына қатысты. Бұл Астана қаласы күнінің құрметіне ақмолалықтардың лайықты бір тартуы болды.
Көкшетау қаласында жаңадан ашылған қағаз сүлгілер шығаратын зауыт өңірдегі бірден-бір кәсіпорын болып саналады. Астана күні қарсаңында іске қосылып отырған бұл кәсіпорынның болашағы зор екендігін айтқан ләзім.
Зауыт толық қуатына көшкен кезде жылына 324 миллион теңгенің өнімін өндіретін болады. Жаңа зауыт өз өнімдерін өткізетін рынокты айқындап алды. Өнім өз облысымыздан басқа, Петропавл, Қостанай және Астана қалаларына шығарылмақшы.
Көкшетаудағы жаңа кәсіпорынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі С.А.Дьяченко Елбасының индустрияландыру бағытындағы жоспарларының ойдағыдай жүзеге асырыла бастағандығын айтты. Біз ендігі арада индустрияландыру картасында белгіленген барлық жұмыстарды ойдағыдай жүзеге асыруға күш жұмсауымыз керек. Елбасының бағдарламасы елімізді нығайтудың, болашағымызды қуаттандырудың бағдарламасы екендігін облыс басшысы атап көрсетті. Бұл кәсіпорынның ашылу салтанатына еңбек ардагерлері, жастар қатысып, зауыттың іске қосылу сәтінің куәгерлері болды.
Алқызыл лента қиылғаннан кейін облыс әкімі
Сергей Дьяченко қағаз сүлгілер шығаратын жүйені іске қосты. Шашу шашылды.
Жаңа зауыттың ашылу салтанатына Көкшетау қаласының әкімі Мұнарбек Батырханов және Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Қымбат Мұстафина да қатысты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі