Зерендідегі астық қабылдау пункті 1968 жылы пайдалануға бе-рілген екен. Барлығы 42800 тонна астық сақтайтын қоймасы бар. Ұзақ жылдардан бері техникасы және астық қабылдап, сақтаудың технологиясы жетілдірілмеген кәсіпорынның бүгін айы оңынан туды деуге болады. «Зеренді астық қабылдау кәсіпорны» серіктестігінің жаңа желісі үшін канадалық «Твистер» фирмасының жылына 14600 тонна астық қабылдап кептіріп сақтауға мүмкіндігі бар қондырғылары қойылған. Жобаның құны 233,9 миллион теңге. Бұған кәсіпорынның өз қаржысы жұмсалды. Қазір 52 адам жұмыс істейді. Айлық еңбекақы 40 мың теңгеден айналып отыр.
Облыс әкімі С.А.Дьяченко кәсіпорынды ашу салтанатында сөйлеген сөзінде жыл сайын астық сақтайтын қоймалардың жетіспей жүргендігін айта келіп, ендігі арада мұның орнын толтыратын боламыз деді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп сақтаудың зор маңызы бар. Елбасының тапсырмасына сәйкес Астананың азық-түлік белдігін жасау үшін ақмолалықтарға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан да, біз астықты да, мал өнімін де мол әрі сапалы өндіріп, өткізе білуіміз керек.
«Зеренді Астық» серіктестігінің бас директоры Талғат Ескендіров өзінің сөзінде бұл желінің аудан және облыс экономикасын нығайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге үлкен септігін тигізетіндігін атап көрсетті. Облыс әкімі С.А.Дьяченко кәсіпорынның жұмысшыларымен пікір алмасты. Кәсіпорынның жұмысымен танысты. Сонан кейін өңір басшысы «Сұңқар» демалыс орнында жазғы каникулдарын өткізіп жатқан балалардың жағдайымен танысты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.