Облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен Көкшетау қаласының ішкі саясат және әлеуметтік мәселелері жөнінде кеңес болып өтті.
– Көкшетау тек қана әкімшілік орталығы емес, бұл облысымыздың бет-бейнесі, халқымыздың ой-өрісін, көңіл-күйін анықтайды және де аумақтың эстетикалық жағдайы мен сәулеттік кескін-келбетін көрсететін, өңірдің экономикасын дамытуға серпін беретін қала болып табылады, – деді өзінің баяндамасында облыс әкімі.
Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында өткен бұл кеңеске облыс пен қалалардың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларының, дәстүрлі діндердің, мемлекеттік емес және жастар ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, жеке меншік құрылымдарының өкілдері қатысты.
Облыс әкімі С.А.Дьяченко өзінің баяндамасында Қазақстанның Тә-уелсіздігінің 20 жылдығы кеңінен аталып жатқан тұста біздің алдымызда үлкен міндеттер тұрғандығын айтты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің экономикалық әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын ойдағыдай орындап шығу үшін ең әуелі Көкшетау қаласының ішкі саясат және әлеуметтік саласындағы жұмыстарын саралап алғанымыз дұрыс болар еді.
Үзіліссіз екі сағат бойы баяндама жасаған облыс әкімі С.А.Дьяченко Көкшетау қаласын ХХІ ғасырдың барлық талаптарына жауап берерлік және астаналық облыстың орталығы мәртебесіне сай болуы үшін не істеу керек деген мәселе төңірегінде ой қозғады. Ақиқатын айтар болсақ, осындай жанашырлық Көкшетауға бұрын да қажет болатын. Өйткені, әкімдердің жиі ауысуы бар, онан кейін «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген күй кешкен Көкшетау жүдегендігі рас, тозғаны да болды. Енді бұл қаланың бүгінгі және болашақтағы кескін-келбетіне жаңа көзқарас керек. Қаланы көркейтіп, абаттандырудың жаңа үлгілері қажет.
Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында және Елбасының алға қойып отырған міндеттерін жүзеге асыру үшін бүгінгі облыс орталығы экономикалық әлеуеті дамыған әрі жоғары мәдениеттің үлгісіне айналғаны жөн.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі