Өткен жексенбі күні Көкшетау қаласында триатлоннан Азия кубогының екінші кезеңінің жарысы өтіп, жарыстың салтанатты ашылуында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков елімізде спорттық шараларға зор көңіл бөлініп келе жатқанын айта келіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
Көкшетаулықтар мен қала меймандары бұл жолы Ресей, Тайпей, Гонконг, Иордания, Хорватия, Австрия, Украина, Өзбекстан және Қазақстаннан қатысқан 100-ге жуық спортшыларға қошемет көрсетілді.
Алғашқы болып жарыс жолына бет түзеген балғын спортшылар суға жүзуден, велосипедпен жүруден, және жүгіруден шеберліктерін көрсетіп, жеңіске деген құлшыныстарын байқатты. Сайыста жасөспірім ер балалар мен қыздар күш сынасты. Ұлдар арасынан мәре сызығын бірінші болып, Көкшетау қаласының триатлон мектебінің түлегі Антон Портнягин қиды. Ол 750 метр көлде жүзіп, 20 шақырымға велосипедпен жарысып, 5 шақырымға жүгіруде ұшқырлық танытты. Екінші орынға оның командалас серігі Айдар Қапаров қол жеткізді. Өзбекстанның үміті Жавахир Юнусов қола жүлдені қанағат тұтты. Ал, қыздар арасынан Көкшетау триатлон мектебінің мерейі тағы да үстем болып, бірнеше мәрте түрлі халықаралық дәрежедегі біріншіліктердің жүлдегері атанған көкшетаулық Каролина Соловьева алдына қара салмады. Екінші орын Оксана Гроттың еншісіне бұйырса, үшінші орынды Алина Левкович қанжығасына байлады. Сөйтіп, жасөспірім қыздарымыз айды аспаннан шығарып, жеңіс тұғырының үш сатысын олжалады.
Элита тобындағылар бәсекесі де тартысты өтті дей аламыз. Олар 1500 метр суда малтып, велосипедпен 40 шақырымға жарысты және 10 шақырымға жүгірді. Күштілер арасында бірінші орынға былтырғыдай украиналық спортшылардың бағы жанды. Бірінші орынға Ростислав Цветков қол жеткізсе, оның командаласы Святослав Певцов екінші орынға табан тіреді. Ал, қазақстандықтардың үміті бірнеше мәрте Азиялық және дүние жүзілік жарыстардың жүлдегерлері Дмитрий Гааг пен Дмитрий Смуров үшінші және төртінші орындарды иеленді.
Әйелдер арасында ресейлік қыздар үздік шығып, мәре сызығын бірінші болып Анна Бойкова кесті. Екінші орын да ресейлік Ольга Ерофееваның қоржынына салынып, үшінші орын украиналық Ксения Левковскаяның еншісіне бұйырды.
Біз үміт артқан Екатерина Шатная болса мәре сызығын бесінші болып қиды. Тағы бір қызымыз Әсем Уәйсова жарыс жолында бірқалыпты өнер көрсетіп, сегізінші нәтиже көрсетті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі