Кеше Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко Көкшетауға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасындағы Украинаның Төтенше және Өкілетті елшісі Олег Деминді қабылдады. Жылы шырайлы кездесу барысында екі елдің экономиканың, ғылым мен білімнің әр алуан саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық байланысының көптеген өзекті мәселелері талқыланды. Облыс әкімі С.А.Дьяченко мәртебелі мейманды Ақмола, Көкшетау өңірлерімен жан-жақты таныстыра келе, облыста 45,9 мың украин ұлтының өкілі тұратындығын ерекше атап өтті. Әкім сондай-ақ, мұндай кездесулердің тек делегациялар алмасумен ғана шектелмей, екі ел арасындағы тауар айналымын арттыратын нақты істермен ұштастырыла түсуінің маңызына да жете тоқтала кетті. Соңғы екі жылда облыста бұл көрсеткіш 1,5 есе өсіп, 3,5 миллион долларға жеткен.
Әрине, космос, машина жасау, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнер-кәсібі салалары жақсы дамыған Украина секілді қуатты елмен мұның өзі әлі де жет-кіліксіз. Майлы дақылдар өндіру, кондитерлік, косметикалық бұйымдар шығарып, туристік бизнесті дамытуда бірлесіп қолға алар жобалар баршылық.
Кездесуде ақмолалық кәсіпкерлер осы орайдағы өз ойларын ортаға салып, украи-налық әріптестерімен ондай жұмысқа дайын екендіктерін білдірді. Мұны құптай түскен облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қалалық әкімдігіне, облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшыларына Украина елімен өзара тиімді ынтымақтастық байланысты нығайту, облыс орталығы мен өңірлерінде бірлескен кәсіпорындар ашудың мүмкіндіктерін қарастыру мәселелері бойынша тездетіп нақты ұсыныстар дайындау жөнінде тапсырмалар берді.
Қазақстан Республикасындағы Украинаның Төтенше және Өкілетті елшісі Олег Демин түстен кейін облыс орталығындағы «Тыныс» және «КамАЗ-Инжениринг» акционерлік қоғамдарында болып, осы өндіріс орындарының жұмысымен, екі ел арасындағы іскерлік байланыстардың мүмкіндіктерімен танысты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі