Кеше облыс әкімі, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сергей Дьяченко азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініш-тілектеріне құлақ түрді, оларды шешудің жолдарын қарастырып, тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалының ғимаратында өткен бұл жолғы қабылдауында сегіз адам болды. Олардың көпшілігі облыс әкіміне пәтер мұқтаждығы, жалақыларын уақытында ала алмауы, тағы басқа мәселелер бойынша арыз-шағымдарын ортаға салды. Сондай-ақ, жергілікті бірқатар ірі кәсіп-орындар тарапынан көрген қысымдарын да бүгіп қала алмады.
Мәселен, Райхан Аяғанова есімді азаматша өз баласының «Алтын-тау Көкшетау» ЖШС-інде жұмыс істеген кезінде зиянды заттардың кесірінен уланып қайтыс болғанын, бірақ өндіріс орны басшылығы ешқандай материалдық көмек көрсетпей жатқанын, тіпті жерлеу рәсіміне де келмегенін айтты. Ал, Зеренді ауданы Раздольный селосының тұрғыны Айтмұхамбет Сабыров «Күсеп» МТС-інде жұмыс істеген адамдар екі жылдан бері жалақыларын ала алмай отырғанын, тіпті қазіргі кезде кәсіпорыннан егін екпегендіктен пайлық үлестерін де бермей отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, осы серіктестіктің құрамында болған жүзден астам адам қазір мүлде жер үлесінсіз қалған, ал, серіктестік аталған азаматтарға 20 миллион теңге көлемінде берешек болып отыр.
Облыс әкімі бұл мәселені тиісті деңгейде қолға алып, арнайы комиссия құрып, тексеруге жағдай жасайтындығын айтты. Бурабай аймағында демалатын саябақ орталығын құруды жоспарлаған Александр Бойко аталған істі қолға алуға инвестор тапқанын, бірақ, ғимаратты сатып алуда кедергілерге тап болып отырғанын мәлімдей келе, көмек сұрады.
Аталған мәселелерді мұқият тыңдаған өңір басшысы барлық қойылған сұрақтардың жауапсыз қалмайтындығына тоқталып, күрделі мәселелердің заң шеңбе-рінде шешімін табатындығына сенім білдірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі