Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген аппарат мәжілісінде жаз айларында облыстағы автокөлік жолдарын күрделі және ағымдарағы жөңдеуден өткізу, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жақсарту туралы мәселелер қаралып, Көкшетау қаласын одан әрі көркейтіп, сәулеті мен сәнін келтірудің іргелі міндеттері тағы бір сараланып, пысықтала түсті. Мәжіліс ең алдымен, облыс активіне жаңадан тағайындалып Ақмола облыстық мұрағаттар мен құжаттама бөлімінің бастығы Наталья Григорьева Глушковскаяны таныстырудан басталды. Ол бұған дейін облыс әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған еді.
Бұдан кейін мәжілісте облыстық жолаушылар және автокөлік жолдары басқармасының бастығы Еркін Жүсіп облыстық жаз айларында автокөлік жолдарының күрделі жөндеуден өткізілуінің жай-жапсары туралы есеп берді.
Облыс активі алдында өз жұмыстары жөнінде хабарлама жасаған облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Шоқан Әбділмановтың да сөзі жігерлі шығып, өңірдегі осындай 21 орталықтың арқасында құжаттар мәселесінде халықтың бұрынғыдай әуре-сарсаңға түсуі айтарлықтай тыйылғандығы атап көрсетілді.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко қаралған мәселелердің бәріне ерекше ықылас таныта келе, қай салада болсын, биылғы жаз айларына белгіленген жұмыстардың бәрі жылдам да сапалы атқарылуы керектігіне ерекше мән берді, тиісті орындарға тапсырмалар берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі