Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласында қайта жаңартылып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарда және жаңа тұрғын үй құрылысында болып, жұмыс қарқыны мен сапасына назар аударды, қысқы жылу беру маусымына дайындық шараларының барысымен танысып, биыл атқарылуға тиісті істердің бәрін көзделген мерзімінде жүзеге асырудың міндеттерін айқындап, белгіледі.Алдымен, облыс әкімі Сергей Дьяченко облыстық тарихи өлкетану мұражайында болып, жүргізіліп жатқан қосымша құрылыстың барысымен танысты. 326 миллион теңгеге бағаланған бұл құрылысты «Қызылордареставрация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2010 жылдың 1 сәуірінде пайдалануға беруі тиіс еді. Осы мақсатқа бөлінген қаржының тиімді пайдаланбауының салдарынан қазір құрылыс жұмысы ақсап тұр. Мұнда тек 25 құрылысшы жұмыс істеп жүр. Құрылыстың баяу жүргізілуі 15 безендірушіге кедергі болып отырған көрінеді. Осы құрылыс жұмысының сылбырлығын өз көзімен көрген облыс әкімі іске жауапты басшыларды сынға алды.
Бұдан кейін өңір басшысы «Центральный» шағын ауданында «Промстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан ересектердің 350 орындық емханасы мен балалардың 150 орындық емханасын аралап көрді. Бұл емханалардың құрылысы 2008 жылы басталған екен. Осы құрылысқа бағытталған қаржының бір бөлігі Шортанды ауданындағы бала бақшаның құрылысына жұмсалыпты. Оның үстіне мердігерге берілген 100 миллион теңгенің қайда қайткенін ешкім біле алмай отыр.
Бұдан соң Сергей Дьяченко Абылайхан даңғылы бойындағы жөнделіп жатқан жылу құбырларын барып көрді. Қала әкімі М.Батырханов мұндай жөндеу жұмыстарының қаланың барлық шағын аудандарында жүргізіліп жат-қанын атап өтті. Бүгінгі таңда қысқы жылу беру маусымына білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардағы нысандардың 75 пайызы дайын болса, көп қабатты тұрғын үйлердің 47 пайызы дайын. Облыс әкімі Полевой көшесі бойында салынып жатқан 79 пәтерлі он қабатты тұрғын үй құрылысында болып, жұмыс барысымен танысып, көп қабатты үй салушыларды қолдайтынын, Көкшетау қаласында тұрғын үйлер мен бала бақшалардың жетіспеушілігін ашық айтты. Құрылыс жұмысын астаналық «СТВ Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко Бурабай шағын ауданында қайтадан қалпына келтіріліп жатқан 220 орындық «Айгөлек» бала бақшасында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Мұндағы құрылыс жұмыстарын «Темір-2001» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Қала бойынша 8 мың бүлдіршін бала бақшаға зәру. Үстіміздегі жылы осы бала бақша мен шағын орталықтың есесінен 875 жеткіншек бала бақшасына барады, - деді қалалық білім бөлімінің бастығы Х.Ғазизов. Кезінде кәсіпкерлерге сатылып кеткен бала бақшаларды қалай қайтару жөнінде де әңгіме өрбіді. Әзірше мұндай үш бала бақша қайтарылған көрінеді. Осы бағытта жұмыстар одан әрі атқарылатын болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі