Бүгін облыс әкімі Сергей Дьяченко кезекті жұмыс сапарымен Бурабай ауданындағы Успеноюрьевка селолық округінде болып, «Голд Ленд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі алтын өндіретін кен орнының бүгінгі еңбек тынысымен танысты, кәсіпорынның облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесін саралап, төңіректегі елді мекендерге көрсетіп отырған көмегін анықтап білді. Сондай-ақ, өңірдегі бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының астықты алқаптарын аралап көріп, егін орағына дайындықтың барысын пысықтады. Осы жерде 2006 жылдан бастап жұмыс істеп жатқан «Голд Ленд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Евгения Сухорукованың айтуына қарағанда, кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 450 килограмм алтын өндіруге жетеді. Алдын ала болжам бойынша бұл кен орнында 20 тоннадан астам таза алтын өндіруге болады.Рудалардың жанында бой көтерген шағын гидрометталлургиялық зауытта құрамында алтыны бар кен тиісті өндіруден өткізіліп, Доре қорытпасы алынады, сөйтіп, ол одан әрі таза өнім алу үшін Швейцарияға жөнелтіледі.
Осы төңіректегі ауылдарға өздерінің жандарында мұндай кәсіпорынның ашылуы тағдырдың бір сыйы десек артық емес. Өйткені, қазір мұнда 200-ден астам еңбек етсе, солардың 40 пайызы осы ауданның Успеноюрьевка, Николаевка, Ұрымқай, Отрадный, Ерболка, Гордеевка, Дмитриевка және басқа ауыл-селоларынан қатынап жұмыс істейді. Араларынан шыққан өндіріс шеберлері, тіпті, бөлім бастығы да аз емес. Кәсіпорында қызметкерер мен мамандардың орташа айлық еңбек ақысы 60 мың теңгеден жоғары. Жалақыдан кәсіпорынның қарызы жоқ. Жыл сайын өндірілген алтыннан республикалық және жергілікті бюджетке 120 миллион теңгеден астам салық төлемдері түседі. Осы жағдайлардың бәріне жете қанығып, кен орнының бүгіні мен ертеңіне қатысты мәселелерді, соның ішінде оның төңіректегі елді мекендердің әлеуметтік дамуына қосар үлесі мен тигізер ықпалын ой елегінен өткізген облыс әкімі кәсіпорынның экологиялық заң талаптарын да мұқият сақтауына назар аудармай қоймады. Бұл орайда, өнеркәсіп орнының басшылары өңір басшысын толғандырған жағдайлардың бәрі назарларында екенін жеткізді.
Сол күні облыс әкімі «Николаевка» ауыл шаруашылығы кәсіпорынның құрамына кіретін «Золотой колос» серіктестігінің астықты алқаптарын аралап көрді. Мұнда қазір егін жайқалып тұр. Ауа райы мүмкіндік беріп, ысырапсыз жинап алынса, гектар берекесі 16-18 центнерден айналатын түрі бар. Осыған байланысты С.А.Дьяченко шаруашылық басшыларына күзгі жиын-терінің кез-келген ықтимал жағдайына дайын болып, ел ырыздығына шашпай-төкпей уақытында құт қамбаға құйып алуға мұқият дайындықпен келуді тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі