Бүгін облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласындағы бірқатар білім және спорт нысандарында болып, осы мекемелерде жүргізіліп жатқан абаттандыру және жөндеу жұмыстарының жай - жапсарымен танысты, басшылармен және қызметкерлермен әңгіме барысында облыс орталығын одан әрі көркейтіп, сәулеттендірудің және таза ұстаудың маңыздылығына тоқталып, осы ортақ істі ойдағыдай жүзеге асырудың нақты міндеттерін белгіледі. Облыс әкімі Сергей Дьяченконы №3 «Ертөстік» мектеп-бақшасында осы мекеменің директоры, «Алтынсарин» төс белгісінің иегері Светлана Еликова қарсы алып, жүргізілген абаттандыру және жөндеу жұмыстары жөнінде әңгімелеп берді. Үстіміздегі жылы бұл мекеменің жөндеу жұмыстарына бюджет қорынан 600 мың теңге бөлінсе, демеушілер 800 мың теңге көлемінде көмек көрсеткен. Мектеп-бақшада 173 бүлдіршін 4 топқа бөлініп, қазақ-орыс тілінде тәлім-тәрбие алса, 20 оқушы 1 сыныпта оқиды. Бұл бақшада мемлекеттік тілде жалғыз ғана топ тәрбиеленетінін айта кетуіміз керек. Өңір басшысы абаттандырылған мектеп-бақшаның ауласын аралап көрді. Гүлдермен көмкеріліп, әр түрлі аң мен құстардың мүсіндері қойылған ауланы аралағанда ертегілер әлеміне кіргендей болдық. Аула төріндегі ағаштардың бауырында тастан шағын тау жасалыпты. Оның қасындағы субұрқақ маңына орындықтар қойылып, пластикалық шөлмектерден пальма ағаштары орнатылыпты. Сөйтіп, бұл шағын скверь балалардың сүйікті демалыс орнына айналған. Өңір басшысы мектеп-бақшаның мұражайын, музыка және спорт залдарын, бүлдіршіндер бөлмелері мен педагогтар кабинеттерін аралап көрді. Жалпы, мекемеде 33 адам еңбек етсе, 16 педагог. Бұл бала-бақша «Мен және мені қоршаған әлем» және «Әдептілікке тәрбиелеу» бағдарламаларының авторы. Бүгінгі күні осы бағдарламалармен өзге де бала-бақшалар жұмыс істейді екен. Осы мекеме директорының орынбасары Ольга Вязовая жуырда өткізілген конкурста өз мамандығының үздігі атанған. Облыс басшысы мектеп-бақша ұжымымен кездесіп, облыстағы бала бақша мәселесі жөнінде атап өтті. Бұдан 1,5 жыл бұрын облыстағы балалардың тек 41,7 пайызы ғана бала бақшаға баратын болса, қазір бұл көрсеткіш 60,8 пайызды құрап отыр. Бүгінгі күні облыс бойынша 8 мыңнан астам бүлдіршін бала бақша кезегінде тұр. Осы орайда, өңір басшысы жаңа бала бақшалар салу және сатылып кеткен бала бақшаларды кері қайтару қажеттігін атап өтті.
Бұдан кейін облыс басшысы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шаңғы базасында болып, қалпына келтіру жұмыстарының жоспарымен танысты. Бұған дейін бұл шаңғы базасына Ішкі істер министрлігі иелік етіп, күрделі жөндеу жұмыстарына көңіл бөлмепті. Соның салдарынан осындағы су, жылу, жарық жүйелері, ролликтік шаңғы жолы мен ғимараттардың барлығы жарамсыз болып қалған. Жақын арада осы базаны қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары басталмақшы. Бұдан соң өңір басшысы Елікті тауы етегіндегі шаңғы базасында болып, осында салынып жатқан мейманхананың құрылысын аралап көрді. Бұл нысанның құрылысын «Дарбаза-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. 40 орындық 5 қабатты мейманхананың алдына автокөлік тұрағын салу жоспарланған. Шаңғышыларды тау басына көтеретін 1200 метрлік аспалы жолы да салынуда. Сондай-ақ, табиғаты әсем бұл базада демалатындарға балық аулап, ат спортымен айналысуға да жағдай жасалмақшы. Облыс әкімі Сергей Дьяченко өңірде шаңғы спортын дамытуға көп назар аудару қажеттігін атап өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі