«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша іске асырылып жатқан бірқатар нысанды аралады, деп хабарлады партияның баспасөз қызметінен.«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы-2020», сондай-ақ басқа да аса маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының басты назарында. Бүгінгі күні Ақмола облысында осы бағдарламаның арқасында өндіріс қуатын жыл сайын еселеп келе жатқан 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істеуде. Мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпорындар өзінің материалдық-техникалық базасын жаңартып, жаңа өнімдерді өндіруді қолға алды», - делінген хабарламада.
Осындай кәсіпорындардың бірі - «Тыныс» зауыты. Кәсіпорын өрт сөндіру құралдарын, газдық тұйықтау арматурасын, газ және су құбырларын салуға арналған әртүрлі диаметрлік полиэтилен трубаларын шығарады. Зауыт өнімдері қазақстандық нарықпен қатар, алыс және жақын шетелдік нарықтарға да жіберіледі. Зауыт 560-1000 мм диаметрдегі полиэтилен трубаларын шығару жөніндегі жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Оны жүзеге асыруға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы көмектесті.
Күзде Көкшетау қаласында жаңа кәсіпорын - заманауи диірмен кешенін ашу жоспарланған. Кәсіпорынның өндіріс қуаты - жылына 25 мың тонна. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бөлінген 60 млн. теңгеге қазірдің өзінде қажетті жаңа құрал-жабдықтар алынып, өндіріс оңалып келеді.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша дамып келе жатқан нысандарды аралаған партия Төрағасының бірінші орынбасары оның маңыздылығы мен қажеттілігіне тоқталып өтті. «Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша қабылданған «Бизнестің жол картасы - 2020» қазірдің өзінде нақты нәтижелерін беріп жатқаны сөзсіз. Мысалы, бүгінгі күні осы бағдарлама бойынша 176 миллиард теңгені құрайтын 480 аса маңызды жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Осы бағдарламаның арқасында еліміздің жүздеген кәсіпорындары одан әрі дамуына мүмкіндік алып, ал мыңдаған отандастарымыз жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Бұл жоба әрбір қазақстандық отбасының болашағына тікелей байланысты болғандықтан, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы осы маңызды бағдарламаны іске асыруды өзінің ерекше бақылауына алып отыр», - деді ол.
Ақмола облысының «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан осы және басқа да объектілерінде «Нұр Отанның» бақылау бекеттері орналасқан. ҚазАқпарат