Өткен сейсенбі күні Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко Көкшетауда салтанатты жағдайда Құлагер ескерткішін ашқаннан кейін облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылының «Құлагер» атшабарында көкпар, теңге ілу мен қыз қуудан және аударыспақтан басталған Қазақстан Республикасы чемпионатының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі және көкпар сайысын тамашалады.Спорт шеруін көкпардан Ақмола облысы құрама командасының жаттықтырушысы, спорт шебері Ерғали Тоқабаев бастады. Ол ұйымдастыру комитетіне рапорт беріп, командалардың сайысқа әзір екендіктерін хабарлады. Ақын, әнші, композитор Ирансал Тасқара нақышына келтіре арнау орындады. Одан соң спорттық мерекеге қатысушыларды Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ат спорты түрлері ассоциациясының вице-президенті Сәдібек Түгел құттықтады. Қазақстан Республикасы ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Саттыбаев бір топ спорт жанашырларын грамоталармен марапаттады. Мәдени бағдарлама да көңілден шықты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі