Облыс әкімі, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сергей Дьяченко партияның Ақмола облыстық филиалында республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарына көмек ретінде биыл бірінші сыныпқа баратын бір топ бүлдіршіндерге киім-кешек пен оқу құралдарын тапсырып, мектепте жақсы оқуларына тілектестігін білдірді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Мектепке жол» акциясы елімізде осымен төртінші жыл өткізіліп келеді. Бұл акция барысында былтыр облысымызда 9382 оқушыға 47,8 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілсе, соның ішінде бірінші сыныпқа барған 1500-ге жуық бүлдіршінді киіндіру үшін 14 миллион теігеден астам қаржы жұмсалған. Биыл 10 мыңға жақын бүлдіршін облыс мектептерінің табалдырығын аттағалы отырса, оның бір мыңға жуығы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларындағы оқушылар.
Жиында сөз алған облыс әкімі Сергей Дьяченко көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына көмек көрсетіп, ацияға бір адамдай ат салысу маңызды екенін атап көрсетті. Бұдан кейін ол бір топ жас балғынға оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен «Beeline» ұялы байланыс филиалы көмек ретінде жолдаған сөмкелерді салтанатты түрде табыс етті.
Бұл акция қыркүйек айының 30-ына дейін жалғасатын болады. Қазірдің өзінде облыстық басқармалар мен ведомстволар басшылары, әр деңгейдегі әкімдік қызметкерлері аз қамтылған отбасылардың балаларына қайрымдылық көмек қолын созуға ынта білдіріп отыр. Өйткені, бұл игілікті істен ешкім сырт қалуға тиіс емес. Ал, жиын соңында өңір басшысы облыстық білім басқармасына акцияның толық орындалуын, әлеуметтік жағынан аз қамтылған оқушылардың қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуін қадағалауды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі