Бейсенбі күні «Достар» мәдениет сарайында Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко Құрылысшы күніне арналған салтанатты жиналысқа қатысып, әсем де көрікті ғимараттармен өңірімізді жасантып, ел игілігі үшін жарқын істердің алдыңғы қатарында жүрген осы бір құрметті де ауыр кәсіп иелерін төл мерекелерімен құттықтап сөз сөйледі, сала бойынша үздік көрсеткіштерге қол жеткізген бір топ еңбеккерлерге құрметті төс белгілері мен алғыс хаттарын тапсырып, облыста жасампаз қолдармен атқарылып жатқан ұлан-ғайыр істерге зор ризашылығын білдірді. Құрылысшылар қауымын құттықтаған өз сөзінде облыс әкімі Сергей Дьяченко алдымен, Көкшетау қаласында кең ауқымда қолға алынған құрылыс жұмыстарының облыс үшін ерекше маңыздылығын атап өтіп, аз уақытта іске асқан оң өзгерістерге өзінің жоғары бағасын берді. Мұндай шаралардан аудандар да кенде емес екендігіне тоқтала келе, құрыш қолды құрылысшы мамандығы жер бетіндегі ең бір ізгі, адамдарға қуаныш сыйлайтын керек мамандық екендігіне баса мән берді.
Облыста жылдың бірінші жартыжылдығында 112 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға беріліп, халықтың әлеу-меттік жағдайына айтарлықтай көңіл бөлінді. Сол үшін бүгін сіздерге ең жылы лебізімізді арнай отырып, алда да облыс орталығын көркейтіп, еліміздің көрікті қалаларының біріне айналдыру, аудандарда да осы жұмыстарды ширату тұрғысында көп міндеттер тұрғандығын еске сала кеткім келеді,-деді облыс әкімі өз сөзінде.
Салтанатты жиналыста бұдан әрі облыстық құрылыс бас-қармасының бастығы Михаил Косачев, Көкшетау қаласының әкімі Мұнарбек Батырханов, облыстық құрылыс және құрылыс материалдары өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағының төр-ағасы Бұлан Кәкімбаев кезек-кезегімен сахнаға көтеріліп, еселі еңбектерімен халыққа қуаныш сыйлап жүрген сала озаттарына құрмет көрсетті. Салтанатты жиналыс соңы мерекелік концертке ұласты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі