Кеше «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Сергей Дьяченко азаматтарды қоғамдық қабылдау жүргізіп, өздерінің жеке мәселелерімен және ортақ іске пайдасы тиетін орынды ой-пікірлерімен алдына келген әрбір жанды мұқият тыңдап, мұң-мұқтаждары мен ұсыныстарын ескеріп, қол ұшын беретіндігін жеткізді.Кезінде ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп, Социалистік Еңбек Ері жоғары атағын алған Сүйіндік Есмағанбетов те өзінің тұрмыс жағдайын айтып, облыс әкімінің қабылдауында болды. Кешегі бүкіл елге танымал еңбек ардагері көп жылдардан бері облыс орталығында тұрып келе жатса да, әлі күнге дейін бір пәтерге қолы жетпей отырғанын қынжыла баяндады. Оның Көкшетау қаласында пәтер кезегінде тұрғанына биыл он жылдан асыпты. 2000 жылы алғаш өтініш берген кезінде тізімде 40-ыншы болып тұрса, арада бес жыл өткенде тұрғын үй бөлімі құжаттарды қайта ретке келтіруді алға тартып, 800-ші кезекке ысырып тастаған болып шықты. Бірақ, мұны қала әкімдігіне барып, дәлелдеп шығу оңайға түспеуде. Осылайша жасы жетпістен асып, сексенге таяған белгілі тұлғаның қалған өмірін жайлы пәтерде өткізсем деген тілегінің жерде қалып келе жатқанын түсінген облыс әкімі де бұл мәселеге баса назар аударып, қала әкіміне тым болмаса, жекеменшік үй салуға жер телімін бөлу жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге, бұл жолғы қоғамдық қабылдауда кезінде ауылдық жерде партия қызметінде болған еңбек ардагері Салтай Қайыржанов та өзінің баспана мәселесімен облыс әкіміне жүгінді. Көп жылдардан бері жатақхананың аядай бөлмесін-де тұрып келе жатқан бұл ардагердің де қиналып жүрген кейпін көрген әкім алдағы уақытта мүмкіндігінше қолдау көрсететіндігін айтты.
Облыс әкімінен көмек сұрай келген жандардың бірі - Щучинск қаласының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек Дулат Қуанышев. Оның шетелде емделуге қаржы таба алмай жүрген бұйымтайы да оңай шешілетін мәселе емес. Сондықтан, әкім өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі арқылы тұйықтан шығудың жолын қарастырып көруді уәде етті.
Жергілікті халық емшілері Төлеген мен Бекзат Жақашевтар да облыс әкіміне Зеренді ауданындағы Лосевка ауылында Бөгенбай биге арнап салынған мемориалдық кешеннің жағдайы жөнінде өтініш білдіре келген екен. Ұлт азаттығы үшін күрескен мұндай тарихи тұлғаларды халық жадынан ешбір шығаруға болмайды. Сондықтан, облыс әкімі С.А.Дьяченко өз сөзінде адамдарды рухани жұтаңдықтан сақтап, елдің еңсесін көтеретін мұндай ескерткіштерді көптеп ашу қажеттігін атап көрсетті.
Облыс әкімінің қоғамдық қабылдауына келгендердің қатарында Көкшетау қаласындағы қоғамдық көлік қозғалысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөнінде де өз ой-пікірлерін білдіргендер болды. Әсіресе, «Бірлік» шағын ауданына қатынайтын автобустардың маршрутын соңғы жылдары бой көтерген жаңа көшелерге дейін созу қажеттігі айтылып, ол мәселе шешімін табатын болды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі