Өткен бейсенбі күні болып өткен Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс отыз алтыншы сессиясында мәслихат жұмысын одан әрі жетілдіруге және облыстық бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, мақсатты жұмсауға қатысты бірқатар мәселелер қаралып, талқыланды. Сессияда Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко алда тұрған міндеттер жайлы сөз сөйлеп, депутаттар жұмысына оң баға берді.Сессия жұмысына облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшылары, аудандар мен қалалардың әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессияны облыстық мәслихат сессиясының төрағасы Асылбек Исмағамбетов ашып, жүргізіп отырды. Сессияның күн тәртібіндегі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес Ақмола облыстық мәслихатының жұмыс тәртібіне толықтырулар енгізулер туралы, Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасын тағайындау және осы комиссияның ережелері мен 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын бекіту туралы Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Өмірсерік Мұсабаев хабарлама жасады. Ол әсіресе, Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасын тағайындау туралы мәселеге ерекше тоқталып, бұл жауапты қызметке бұған дейін Ақмола облыстық қаржы инспекциясының бастығы болып қызмет атқарған Мереке Мұстафинді ұсынды. Депутаттар бұл кандидатураны қолдап, бір-ауыздан дауыс берді.
Мәслихат сессиясында бұдан әрі Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Мұратбек Тақамбаев «2011-2013 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Ақмола облыстық мәслихатының 2010 жылғы 10 желтоқсандағы шешіміне өзгертулер енгізу жөнінде хабарлама жасады. Мұнда негізінен, әңгіме «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылында атамекенге қоныс аударған оралмандар-ға арналып салынған ауыл құрылысының кем-кетіктерін түзеуге бөлінетін қаржы туралы болды. Шамамен 50 миллион теңге көлеміндегі бұл қаржы ауыл тұрғындарының үйлеріне қосымша құрылыстар жүргізу үшін бөлінгелі отыр. Депутаттар осы мәселені тал-қылау барысында шеттен келген қандастарымыздың жағдайына түсіністік білдіріп, облыстық бюджетке енгізілетін өзгертулерді бірауыздан қолдады.
Сессияда сондай-ақ, Ақмола облыстық әкімдігінің жанындағы кейбір консультативтік-кеңес беру органдарының құрамына енгізілген өзгертулер де бекітілді. Бұл жөнінде облыс әкімі аппаратының басшысы Болат Жұпынов хабарлама жасады. Ал, «Төртінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының 2011 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы» 2010 жылдың 12 желтоқсанындағы Ақмола облыстық мәслихатының шешіміне өзгерту енгізу туралы хабарлама жасаған облыстық мәслихаты аппаратының басшысы Тұрғын Сыздықов уақыт талабына сай өкілетті органның алдында тұрған қосымша міндеттерге нақты тоқталып өтті.
Бұдан кейін сессияда облыс әкімі Сергей Дьяченко қорытынды сөз сөйледі. Өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өткір мәселелерді шешу барысында түсіністік танытып, қолдау көрсеткендері үшін депутаттар корпусына өзінің алғысын білдірді. Жиналғандарды облыстың қазіргі аяқ алысынан хабардар етіп, алдағы міндеттерге тоқталды. Әсіресе, бүгінгі таңда облыс орталығы мен елді мекендерді одан әрі көркейтіп, ажарландыра түсу үшін жаздың қалған ашық күндерін тиімді пайдаланудың маңызы зор. Осы тұрғыда, Көкшетау қаласында көп жұмыс-тар атқарылуда. Қала елдің көз алдында жарқырап, жақсарып келеді. Осындай ауыз толтырып айтарлық жұмыстар аудандарда да жүргізілуі тиіс. Бүгін біз жергілікті бюджеттен Нұрлы көш елді мекеніне, алдағы қысқы жылу беру маусымына, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға, Ақмол ауылын сумен жабдықтау мәселесін шешуге қаржы қарастырдық. Алда тұрған міндеттер ауқымды, бірақ, оларды орындауға күш-әлеуетіміз молынан жетеді,-деді облыс әкімі өз сөзінде.
Сессия күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажарының» газетінің ақпаратынан