Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко сенбі күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне біздің өңірімізде тұңғыш рет өткізілген «Дерби-Қазақстан-2011» ат жарысының ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Мұндай ірі бәйгілердің өткізілуі ұлттық ат спортының жақсы дамып келе жатқандығының айғағы екендігін атап көрсетті. Салтанатта Қазақстан Республикасы ұлттық ат спорты ассоциациясының бірінші вице-президенті, жазушы Сәдібек Түгел де жарысқа қатысушыларға игі тілегін білдірді.Осы күні Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосындағы «Құлагер» атшабары ерекше безендірілді. Мәртебелі меймандарға арналған орын гүлмен көмкерілген. Мыңдаған ат спорты жанкүйерлерінің де жақсы демалуларына барлық жағдай жасалды. Жиналған жұрт «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасын тамашалады. Ақмола облыстық және Көкшетау қалалық әкімдіктері, облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы, Қазақстан Республикасы және Ақмола облыстық ұлттық ат спорты түрлері федерациялары ұйымдастырған «Дерби-Қазақстан-2011» маусымының бас бәйгесіне Ақмола, Ақтобе, Павлодар, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Астана, Алматы, Магнитогорск, Петропавл, Көкшетау, Екібастұз қалаларының шабандоздары қатысты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі