Сапар аясында Премьер-Министрінің орынбасары мен Министр Қарағанды облысында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы барысымен танысты.25 тамызда Қарағанды облысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова жұмыс сапарымен келді.
Жұмыс сапарының басты мақсаты - аймақтағы «Жұмыспен қамту 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жайы болды.
2011 жылдың 1 шілдесінен бастап Қарағанды облысында тұрғындарды жұмыспен қамтудың 19 орталығы жұмысын бастады. Олардың қызметі Бағдарламада көзделген мемлекеттік қолдау шаралары аясында азаматтарды сапалы қызметпен қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыс сапарының барысында Осакаров ауданында орналасқан жұмыспен қамту орталықтардың біріне барып қайтты. Онда қонақтар жұмыс кабинеттерін көріп, компьютерлік жүйесінің жұмысымен танысты, келушілермен пікірлесті.
Жұмыс сапары Теміртау қаласында жалғасын тапты.
Мұнда Ербол Орынбаев, Гүлшара Әбдіхалықова және Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов «NORD Пром НС» ЖШС-ға барды. Ағымдағы жылдың мамыр айында осы зауытта Индустрияландыру картасына енгізілген бетоннан жасалған теміржол шпалдарын шығаратын инвестициялық жоба іске қосылған болатын.
Қарағандыда лауазымды меймандар «Гиппократ» МФ ЖШС мен Қарағанды политехникалық колледжіне барып, жұмыстарымен танысты. Бұл мекемелер де жоғарыдағы «NORD Пром НС» ЖШС сияқты «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының белсенді қатысушылары болып табылады. 2010-2011 жылдары «Гиппократ» ЖШС-нің «Қалпына келтіру емдеу мен медициналық оңалту орталығын жаңғырту мен жабдықтау» жобасының несиесі субсидияланды. Бұл медициналық қызметкерлер үшін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Ал, политехникалық колледж болса бүгінгі таңдағы сұранысқа ие мамандықтарға оқытатын оқу ордаларының бірі болып табылады.
Баршаға белгілі, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасында негізінен үш бағыт қарастырылған.
Өңірде бірінші бағыт бойынша 2 мың адам оқытылатын болады. Ол үшін 41 оқу орны (лицейлер мен колледждер) анықталып, солардың базасында аса қажетті 32 мамандық бойынша оқыту жүргізілетін болады. Аталмыш мамандықтардың тізімі «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша құрылған аймақтық комиссия отырысында бекітілді..
Екінші бағытты жүзеге асыруға 1 млрд. теңгеден аса қаражаты бөлінді. Бұл ретте 510 млн. теңге 775 қатысушыны несиелеуге және дәл осындай сома инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына бөлініп отыр. Несиелеумен қатар ауыл тұрғындарын кәсіпкерлік негіздеріне оқыту да көзделінуде.
Ал үшінші бағыт бойынша оның қатысушыларына 76 мың шаршы метр көлемде тұрғын үйді салу, қалпына келтіру немесе сатып алу жоспарланып отыр. 30 мың шаршы метрге жуық баспана биылғы жылдың өзінде іске қосылмақшы.
Ағымдағы жылы Қарағанды облысына бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 6 млрд. 464 млн. теңге бөлінді.
ҚазАқпарат