Облыс әкімі Сергей Дьяченко Ораза айтының алғашқы күні Көкшетау қаласындағы Науан хазірет атындағы орталық мешітте болып, айт намазына жиналған жамағатты және барша мұсылман қауымын ұлық мерекемен құттықтап, елімізге жақсылық, әр отбасына амандық пен ынтымақ-береке тіледі.
Көп ұлтты елімізде дінаралық ынтымақтың жарасым тауып, әр адам өзінің тіліне, дініне, нәсіліне қарамастан, емін-еркін өмір сүріп жатқаны жақсылықтың нышаны. Қоғамымызда осынау тұрақтылықтың сақталуына ислам діні де өзінің лайықты үлесін қосып отыр,-деді облыс әкімі Сергей Дьяченко өзінің құттықтау сөзінде.
Өңір басшысы өз сөзінің барысында ислам дінінің құндылықтары жайлы да ой қозғай келе, мұсылмандық жол - адамдарды жауластыратын емес, татуластыратын, ортақ мүддеге талпындыратын жол екендігін де баса айтты. Науан хазірет атындағы орталық мешіттің бас имамы Қанат Қыдырмин мешітке келіп, мұсылман жамағатты ұлық мерекемен құттықтаған облыс әкіміне өзінің ризашылығын білдірді.
Айт намазы кезінде адамдар бір-бірін құттықтап, игі тілектер тілеп жатты. Бұл да болса, ислам дінінің ізгілігін көрсетсе керек.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажарының» газетінің ақпаратынан