Кеше Көкшетауда облыс әкімі Сергей Дьяченко Қазақстан Републикасы Конституциясының 16 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөз сөйлеп, тәуелсіз еліміздің және оның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен жиырма жылда қол жеткізілген табыстарымыздың тарихи маңыздылығын атап көрсетті. «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен бұл салтанат ең әуелі «Қазақстанның үздік тауарлары» аймақтық байқауының тауарлар көрмесін тамашалаумен басталды. Соңғы жылдары елімізде және біздің өңірде жүргізіліп жатқан индустриалдық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткен табыстардың негізгі өлшемі осы көрмеден айқын аңғарылып тұрды. Облыс әкімі С.А.Дьяченко көрмені аралау барысында өңірде шығарылып жатқан түрлі тауарлардың жыл сайын көбейіп келе жатқандығын атап көрсетті.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 16 жылдығына арналған салтанатты жиналыста облыс әкімі сөз сөйлеп, тәуелсіз еліміздің 20 жылдығындағы табысының тарихи маңыздылығын нақтылы мысалдармен айта білді.
-Біздің тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихтың қысқа мерзімінде Қазақстанды әлемнің дамыған елдерінің қатарына қоса білді. Қазақстанның өзіндік даму жолы қалыптасты. Біздің еліміз-дегі саяси тұрақтылық және әлеуметтік-экономикалық саланың табысты дамуы Конституциямыздың жеңімпаздығын дәлелдейді,-деді ол өз сөзінде.
Салтанат соңында облыс әкімі С.А.Дьяченко «Қазақстанның үздік тауарлары» аймақтық байқауының жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.Облыс әкімінің баспасөз қызметі