Өткен жұма күні облыс әкімі Сергей Дьяченко кезекті жұмыс сапарымен Сандықтау, Жақсы және Есіл аудандарында болып, осы өңірлерде егін орағы жұмыстарының барысымен танысты, егістік алқаптарын және астық қабылдау кәсіпорындарын аралаған кезінде өсірілген өнімді шашпай-төкпей, қысқа мерзімде жинап алудың және құт қамбаға құйып, дұрыс өңдеп, сақтаудың қолда бар барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың басты міндеттерін белгілеп, пысықтады. Облыс әкімі Сергей Дьяченконың бұл астықты өңірлерге кезекті жұмыс сапарының негізгі мақсаты - осыдан бірнеше күн бұрын басталған орақ науқанының барысымен танысу еді. Биылғы жылы облысымыздағы егістік алқаптардың барлығында дерлік егін бітік шықты. Бұл әрине, таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз тер төккен диқан қауым үшін үлкен қуаныш. Оның үстіне қазір ауа райының жылы қабақ танытып, күннің ашық болуы алқаптағы астықты қысқа мерзімде ысырапсыз жинап алуға қолайлы мүмкіндік туғызып отыр. Диқандар осы сәтті қалт жібермеуге тырысуда. Сандықтау ауданындағы «Свободное» серіктестігі биыл 21 мың гектар жерге дән сіңірген болатын. Оның 16 мың гектары бидай болса, қалғаны күнбағыс, бұршақ, зығыр сияқты майлы дақылдар мен басқа дақыл түрлері. Серіктестік егінді бөлектеп орумен қатар, кейбір егістік алқаптарында тікелей оруға да кіріскен. Әзірге әр гектардан 25 центнерден өнім жиналуда. Диқандар биыл бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізуді межелеп отыр.
Биылғы астықтың ылғалдығы жоғары болғандықтан, астық кеп-тіретін қондырғылар да орнатылуда. Ресейден жеткізілген мұндай бір қондырғы тәулігіне 1 мың тоннадан астам бидайды кептіреді. Шаруашылық 12-ші қыркүйекте жаңа қондырғыны іске қосамыз деп отыр.
«Максимовский» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де астық кептіру мен оны сақтауға арналған орындар жеткілікті. Мұнда да Ресейден жеткізілген арнайы қондырғы орнатылуда. Шаруашылықтың жалпы егістік көлемі 12 мың гектар. Оның тең жартысы бидай. Серіктестік кейбір егістік алқаптарынан гектарына 50 центнерге дейін өнім жинауды жоспарлап отыр. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Осыдан кейін облыс әкімі Сергей Дьяченко ат басын бұрған осы аудандағы «Спасский 1» шаруа қожалығында да науқан қызу қарқынмен жүргізілуде. Диқан қауымы дәнді дақылдардың әр гектарынан 12-13 центнерден өнім жинауды жоспарлап отыр. Бұл әрине, егіннің биылғы жылғы ең жоғары көр-сеткіші болмаса да, шаруашылық табыссыз қалмайтыны анық. 7370 гектар егістік алқабынан осындай өнімге қол жеткізіліп жатса, түпкі нәтиже олқы соқпайтын тәрізді.
Бұдан кейін облыс әкімі ат басын тіреген Жақсы ауданындағы «Запарожеский» серіктестігі өңірдегі ірі шаруашылықтың бірінен саналады. Биыл серіктестік 47 мың гектарға дәнді-дақылдар тұқымын септі. Оның 45 мың гектары бидай. Шаруашылық егін орағы науқанын қызу қарқынмен жүргізуде. Әзірше егіні піскен алқап-тардан гектарынан 35 центнерден өнім жиналуда. Бір қуанарлығы, бұл облысымыздағы ірі астықты шаруашылық та элеваторға тәуелді емес. Өйткені, өздерінің астық кептіріп, сақтайтын қоймалары бар.
Есіл ауданында облыс әкімі бірнеше жыл қатарынан құрылысы тоқтап тұрған жалғыз қазақ мектебіне барып, аталмыш білім ордасының қазіргі жағдайымен танысты. Бұл мектептің құрылысы осыдан бес жыл бұрын басталған болатын. Содан бері үш бас мерді-гер ауысып үлгергенімен, нәтиже жоқ. Сондықтан Сергей Дьяченко аудан басшыларына жұмысты игере алмай жатқан мердігерлерге қатысты дау-дамайды тез арада шешіп, қайткен күнде де мектеп құрылысын аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, өңір басшысы осы сапарында аудандағы «Асмады», «Абба» және «Айгерім» шаруа қожалықтарының егістік алқаптарында да болып, орақ науқанының барысымен танысты. Жұмыс барысына қанығып, өсірілген өнімді шашпай-төкпей жинап алу жөнінде нақты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сонымен бірге, бұрын уран өндірілген Красногор кентіне де ат басын тіреп, тұрғындармен кездесті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі