Кеше «Достар» мәдениет сарайында облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген Ақмола облысының V азаматтық форумында өңірімізде Қазақстан Республикасында 2006-2011 жылдардағы азаматтық қоғамның даму концепциясын жүзеге асыру, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік органдармен өзара байланысын одан әрі нығайту мәселелері талқыланып, қорытындыланды. Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның азаматтық альянсы үйлестіру кеңесінің төрайымы Айгүл Соловьева қатысып, сөз сөйледі.Облыстық бірқатар басқармалар мен ведомстволардың басшылары, облыстық, Көкшетау қалалық мәслихаттарының депутаттары, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес секторлардың, бизнес құрылымдардың, білім және мәдениет салаларының, кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан форумда алдымен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы туралы түсірілген бейне фильм көрсетілді. Бұдан әрі форумда облыс әкімі Сергей Дьяченко баяндама жасады. -Бүгінгі Ақмола облысының V азаматтық форумы біздің өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға. Өйткені, бүгінгі таңда қоғамымыздың дамып, өркендеуі үшін үкіметтік емес ұйымдармен көптеген игі жұмыстар атқарылуда. Бұл ұйымдар дәл қазір қоғамымыздың үлкен қозғау-шы күшіне айналып отыр десек артық емес. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың азаматтық қоғамның институттарын дамыту мемлекеттің маңызды стратегиялық міндеті екендігін атап көрсеткендігі белгілі. Біздің еліміз тек диалог пен серіктестік, өзара түсіністік пен қолдау арқылы ғана одан әрі гүлденіп, өркендей берері даусыз. Оның үстіне бұл V азаматтық форумның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп жатқандығының да үлкен символикалық мәні бар деуге болады, - деді өз баяндамасының басында облыс әкімі С.А.Дьяченко.
Шынында, елімізде азаматтық қоғамды дамыту бағытында күні бүгінге дейін біраз жұмыстар тындырылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2006-2011 жылдардағы азаматтық қоғамды дамытудың концепциясы жасалып, жүзеге асырылу үстінде. Ал, 2006 жылы демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеп, нақтылау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Осының бәрі елімізде үкіметтік емес ұйымдардың одан әрі дамып, нығаюына зор серпін берді. Бүгінгі таңда бұл ұйымдарды қоғамымыздың ажырамас бір буыны деуге толық негіз бар. Соңғы кезде осы мақсатқа мемлекет тарапынан қаржы мен гранттардың бөлініп, небір баянды бастамалардың өміршең етіле түсуі ақмолалықтардың да бұл іске белсене атсалысып, азаматтық қоғам құрудың бір жағынан шығысуына үлкен түрткі болды. Осының бір айғағындай облысымызда қазір 465 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Олардың өздерінің ерен құлшыныстарымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлестері зор. Басында қаржысыз жұмыстары өнбеген осындай ұйымдар келе-келе үкімет қолдауын сезінген соң, өздерінің жобаларын жасап, олардың тиімділігіне тиісті орындардың көздерін жеткізе біліп, бұл күнде сол еңбектерінің нәтижелерін де көре бастаған. Облыста тек 2006-2011 жылдардың аралығында ғана мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдарға 103,5 миллион теңге қар-
жы бөлініп, тек биыл ғана облыстық бюджеттен бір жылға бөлінген қаражат 60 пайызға өсіп отыр.
Азаматтық қоғам құрудың бүгінгі қол жеткізген жетістіктері мен алда тұрған міндеттерін жан-жақты баяндап берген облыс әкімінің сөзінен кейін жарыссөзде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның азаматтық альянсы үйлестіру кеңесінің төрайымы Айгүл Соловьева, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі, қоғамдық саяси департаменті директорының орынбасары Василий Порубаймеха, халықаралық ақпараттандыру академиясының бірінші вице-президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор Алексей Цеховой, «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері» бірлестігінің төрайымы Меруерт Қазбекова, «Шоқан жолдары» қоғамдық қорының төр-
айымы Раушан Көшенова, «Прометей» қоғамдық қорының төрағасы Олжас Сыздықов, «Парасат және діл» қоғамдық қорының төрайымы Құралай Мұтанова, Аршалы ауданындағы «Ақбота» қорының төрайымы Татьяна Немцан сөз сөйлеп, жиналғандарды өз салаларындағы жұмыс барысынан хабардар етіп өтті.
Бұдан кейін азаматтық қоғам қалыптастыруға және өңірдегі демократиялық үрдістерді дамытуға қосқан зор үлестері үшін үкіметтік емес ұйымдардың бір топ басшылары мен өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасы, Қазақстанның азаматтық альянсының Алғыс хаты және Ақмола облысы үкі-меттік емес ұйымдарының әлеуметтік идеялары мен жобалары жәрмеңкесінің дипломдары табыс етілді.
Форум шеңберінде «Жігер» облыстық конкурсы жеңімпаздары да анықталып, «Бота» қоғамдық қорының офисі (К.Кәршалова) «Сала-уатты өмір салтын насихаттау саласындағы ең үздік үкіметтік емес ұйым», облыстық «Видергебурт» немістер қоғамы (С.Корнеева) «Мүмкіндіктері шектелген адамдармен жұмыс істеу саласындағы ең үздік үкіметтік емес ұйым», «Томирис» әйел жастар орталығы» (Л.Сеңгірбаева) «Гендерлік және отбасылық демографиялық саясатты жүзеге асыру саласындағы ең үздік үкіметтік емес ұйым», «Парасат және діл» орталығы (К.Мұтанова) «Этникааралық қарым-қатынас саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы ең үздік үкіметтік емес ұйым», «Жұлдыз» балалар одағының қоғамдық бірлестігі (Е.Дмитриенко) «Жастар саясаты және балалармен жұмыс істеу саласындағы ең үздік үкіметтік емес ұйым», «ЭКО-Көкше» экологиялық орталығы (А.Құсайынов) «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ең үздік үкіметтік емес ұйым», «Сана» дінтанушылық ақпараттық-консультативтік орталығы (Г.Оразбаева) «Адам құқын қорғау саласындағы ең үздік үкіметтік емес ұйым», Астрахан ауданындағы «Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» (О.Мұқанов) «Азаматтық бастамаларды қолдау саласындағы ең үздік үкіметтік емес ұйым» аталымдары бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Сөйтіп, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Форумда еліміздің V азаматтық форумына 20 адамнан тұратын делегаттар құрамы сайланып, бұл тізімді іріктеу комиссиясының төрайымы Зәмзәгүл Мырзахметова оқып берді. Бұдан кейін форумның пленарлық бөлігінің жұмысы аяқталып, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен емін-еркін сұхбат түрінде өтетін үш алаңша жұмысы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, форумдарға қатысушылардың назарына облыстағы үкіметтік емес ұйымдар өндіретін өнімдердің көрмесі ұсынылды. Форум жұмысына Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Өмірсерік Мұсабаев қатысты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажарының» газетінің ақпаратынан