Елордада өтіп жатқан «DigitalCommunicationKazakhstan-2011» атты халықаралық көрме-конференция аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев әлемнің ірі ІТ-компанияларының өкілдерімен кездесті.Huawei Technologies компаниясының Орталық Азиялық өңірінің президенті Танг Кибинг, IBM компаниясының вице-президенті Джефри Рода, Ericsson компаниясының вице-президент Эрик Олдман, J"son & Partners компаниясының басқарушы әріптесі Карл Йоханнессон сынды шетелдік инвесторлар қатысқан кездесу барысында Ә. Исекешев елімізде жүзеге асырылып жатқан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы жайында кеңінен айтып берді. Бұл орайда негізгі рөл металлургия, химия, машина жасау, мұнай өңдеу сынды дәстүрлі секторларға баса назар аударылатындығын атап өте келе: «Дегенмен Қазақстанда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секторына да баса назар аударылады және Мемлекет басшысы да елдегі инновацияның толықтай дамуына зор көңіл бөледі», - деді.
Сондай-ақ министр шетелдік инвесторларды елімізде жұмыс істеуге шақырды. «Біз барлық инвесторларды бірлескен жобалар бойынша Байланыс және ақпарат министрлігімен, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-мен жұмыс істеуді бастауға шақырамыз», - деді Ә.Исекешев.
ҚазАқпарат