Өткен сенбі күні облыс әкімі Сергей Дьяченко кезекті жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, аудан орталығы Щучинск қаласында жаңа кинотеатрдың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, құттықтау сөз сөйледі, сондай-ақ, «Есіл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқаптарын аралап, орақ науқанының барысымен танысты.Облыс әкімі Сергей Дьяченко жеке кәсіпкер Леонид Зелинскийге өзінің «Grand» сауда-ойын сауық орталығының негізінде осы заманғы 150 орындық 3D кинозалын пайдалануға бергендігі үшін зор алғыс сезімін білдірді.
Бүгінгі таңда облысымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті нығайып, халықтың тұрмысы жақсарып келеді. Сондықтан, көпшілік өзінің бос уақытын мазмұнды өткізетін осындай мәдени ошақтарды көптеп іске қосу біздің басты міндеттеріміздің бірі болып табылады. Бұл істен орта және шағын бизнес өкілдері де сырт қалмауы тиіс. Мәселен, өңір кәсіпкерлерінің өз қаржыларын тек саудаға ғана емес, сонымен бірге, мәдениет саласына да салуларының ел мен халық үшін маңызы ерекше,- деді облыс әкімі өз сөзінде. Жаңа кинотеатр салтанатты жағдайда ашылғаннан кейін Сергей Дьяченко осында көрермендермен бірге режиссер Игорь Кончаловскийдің жетекшілігімен түсірілген «А»-ға оралу» деп аталатын қазақстандық жаңа фильмді тамашалады.
Сол күні облыс әкімі «Есіл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқаптарында болып, егінжай төсіндегі комбайншылармен жүздесіп, жұмыс қарқыны мен сапасына назар аударды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі