Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченко «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының ғимаратында жеке мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдап, алдына үмітпен келген адамдардың өтініш-тілектері мен ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, мұң-мұқтаждарын шешудің жолдарын қарастырды. Бүгінгі таңда республика бойынша ең өзекті проблемалардың бірі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін тұрғын үйлер болып отыр. Бұл күні облыс әкімінің алдына қабылдауға келген тұрғындар өтінішінің дені осы тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы төңірегінде өрбіді. Облыс әкімімен арнайы кездесуге келген Көкшетау қаласының тұрғыны Күлжамал Жағыпарова өзі тұратын Вернадский көшесіндегі 5 қабатты тоқсан пәтерлік тұрғын үйдің апатты жағдайда екендігін жеткізді. Бүгінгі таңда аталған үйге күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Үйдің қабырғасы қаққа айырылып, темір белдіктің құрсауында тұрғандықтан, жөндеу жұмыстарын жүргізу қиындық туғызып отыр. Әрі бұл бір жағынан үлкен қаражатты қажет етеді. Осы мақсатқа мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы жеткіліксіз болғандықтан, қосымша ақша қажет. Ал, бұл мәселені тұрғындар өздері шеше алмайтын жайы бар.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласының әкімі Мұнарбек Батырхановқа жуық арада аталған үйдің тұрғындарымен кездесіп, көтерілген мәселелер бойынша нақты шаралар қолдануды тапсырды. Өткен екі жылда жүзеге асырылған «Жол картасы» бағдарламасы аясында өңір бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы біршама жақсарды. Қала әкімі сол бағдарламаның жалғасы ретінде қазір облыс орталығындағы көп қабатты 14 тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын алға тарта келе, алдағы жылы бұл үйді де осы бағдарламаға қосатындықтарын жеткізді. Сондай-ақ, кездесу барысында зейнеткер Дауылбай Салықов Көкшетау қаласында Ботай қазба жұмыстары мұражайын ашу жөнінде тілегін білдірсе, кәсіпкер Ғалым Рахметжанов Қорғалжын ауданы Өркен ауылындағы мектеп құрылысына қатысты мәселемен келіп, тұшымды жауаптар алды. Облыс әкімі Сергей Дьяченко тағы да бірнеше тұрғындардың сауалдарына зер салып тыңдап, кейбірі жуық арада шешілетінін айтса, кейбіреулеріне өтініштерінің комиссия жүзінде қайта қаралуын күтуге тура келетінін байыппен түсіндіріп берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі