Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және «Руханият» айының шеңберінде 2011 жылғы 22 қыркүйекте Көкшетау қаласы Ш.Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V Құрылтайы өтті. Ол Қазақстан халқы тілдерінің ХІІІ республикалық фестивалі аясында ашылды.
Құрылтайды еліміздің көрікті өңірінің бірі Көкшетау қаласында өткізу туралы ұсынысты Елбасы өзі тапсырған болатын.
Құрылтайға еліміздің барлық облысынан, алыс-жақын шет елдерден делегаттар, танымал қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, тіл мамандары мен баспасөз өкілдерінен құралған 200-ден астам адам қатысты.
Құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев кіріспе сөз сөйлеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрылтай делегаттары мен қонақтарына жолдаған құттықтауын жеткізді.
Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамның президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы және т.б. баяндамалар жасады.
Сондай-ақ бұл Құрылтайда Мәскеу қалалық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының төрағасы Тұрсынбаев Әбуислам, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлиев, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Светлана Бабкина, Алла Платонова, Диана Мелихова, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының директоры Азат Шәуеев және т.б. сөз сөйледі.
Жиырма жылдан астам тарихы бар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы бес жылда бір рет өткізіледі және тіл жанашырларының негізгі қызметінің көрінісі болып табылады. Ауқымды шараға айналған Құрылтай еліміздегі мемлекеттік тілдің дамуына талдау жасау мен мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңейе түсуіне ықпал етер тың ұсыныстар жасауға мүмкіндік берді.
Құрылтайға қатысушылардың Үндеуі қабылданып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшылық құрамы қайта сайланып, алдағы жұмыс бағдары айқындалды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының баспасөз қызметі