Ағымдағы жылдың 26 қыркүйек күні облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің жұмысы туралы және облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының егде адамдар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығын өткізу туралы есептері тыңдалды. Аппарат кеңесінің алдында облыс әкімі Сергей Дьяченко жиналғандарға медициналық қызмет төлеу комитеті төрағасының бұйрығымен Ақмола облысы бойынша медициналық қызметтерді төлеу департаментінің директоры болып тағайындалған Мұрат Жановты және облыс әкімінің өкіммен «Көкшетау авиакомпаниясы» акционерлік қоғамының президенті болып тағайындалған Сайлау Жаналинді таныстырды. Бұл басшылардың алдыңғысы жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы Балқаш аймақтық өкілдігінің бөлім бастығы, ал, екіншісі, «Көкшетау авиакомпаниясы» АҚ-ы президентінің міндетін атқарушы болып қызмет істеген.
Өңір басшысы қос ведомствоның да есептерін тыңдай келе, нақты тапсырмалар берді. Біріншіден, медициналық мекемелер арасындағы сабақтастықты дұрыс жолға қойып, ішкі аудитке бақылау мен жауапкершілікті күшейту, емханаларда дәрігерлердің кезекшіліктерін ұйымдастырып, жас мамандарды тәлімгерлік қамқорлыққа алу қажет. Екіншіден, аудандар мен Көкшетау және Степногорск қалаларының әкімдері облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, ауыл-селоларда кадрларды тұрақтандыруға, тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру және аурулардың алдын алу жөнінде хабардар болуларына, халықтың денсаулығы үшін әрбір адам мен қоғам бірдей жауапкершілік танытуына, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға күш салу керек.
Сонымен бірге, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің директоры Нұрхан Нәзіроваға негізгі міндеттерімен бірге, облыстағы медициналық ұйымдардың және медициналық қызметкерлердің жұмысына мемлекеттік бақылауды күшейту тапсырылды.
Аудандардың, Көкшетау және Степногорск қалаларының әкімдері қарттар айлығын өткізу барысында жалғызілікті қарт адамдар мен мүгедектердің жағдайларына ерекше назар аударулары тиіс. Облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшыларына бұрын өздеріне еңбек еткен ардагерлер мен кездесулер өткізіп, олардың мұң-мұқтаждарына көңіл бөлмей болмайды. Осыны айта келіп, облыс әкімі Сергей Дьяченко жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Б.А. Есімоваға, ішкі саясат басқармасының бастығы Г.Б.Шөкееваға айлықтың барысы бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты көрсетіліп отыруына бас-көз болуды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі