Әлемде тағы бір дағдарыс болған жағдайда, Қазақстандағы әлеуметтік көмектің көлемі қысқартылмайды. Бұл туралы Астанада «Әлеуметтік жаңғырту - жаңа әлеуметтік саясат» тақырыбындағы конференция аясында сұхбат берген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осылай айтты.
«Бүгінде Парламент Мәжілісінде алдағы 2011-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет қарастырылуда. 2010 жылы елімізде әлеуметтік салаға 800 млрд. теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 1 трлн. теңгеге дейін өсіп отыр. Ал келесі жылы оның көлемі 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Бұдан Қазақстанның әлеуметтік салаға жыл сайын бөлініп жатқан қаржының артып жатқандығын байқауға болады. Сондықтан әзірше мемлекеттің әлеуметтік көмегі қысқартылады деп айтуға болмайды», - деді Г.Әбдіқалықова.
ҚазАқпарат