Ағымдағы жылдың 29 қыркүйек күні облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген әкімдік мәжілісінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, бюджеттің сала ұйымдарының қысқы жылу беру маусымына дайындығы туралы және облыста 2009-2011 жылдарға арналған мүгедектерді оңалту жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру туралы мәселелер қаралып, талқыланды.Әкімідік мәжілісінде облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудандар мен қалалардың әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге кіріспес бұрын, облыс әкімі мәжіліске қатысушыларға Ерейментау және Есіл аудандарының жаңа әкімдері Лашынтай Дүйсенов пен Қали Рахметовты таныстырды. Бұдан кейін бұл басшылар және Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Мереке Мустафин мемлекеттік қызметшінің антын қабылдады.
Мәжіліс күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы А.Г.Мартыненко баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, облыс биылғы жылу беру маусымына толықтай дерлік дайын. Қазір соңғы үш қазандықтағы жөндеу жұмыстары бүгін-ертең аяқталғалы отыр. Осындай дайындықтың арқасында облыс бойынша жылу беру маусымы да жылдағыдан ерте басталды. Мәселен, бүгінгі таңда облыс орталығында 1840, ал Степногорск қаласында 27 нысанға жылу берілуде. Көкшетау қаласында қысқы отынның да екі айлық қоры жасалған. Бұл жағынан аудандарда да жағдай жаман емес. Осыған қарап, ақмолалықтар қысқы жылу беру маусымына көптен бері алғашқы рет ешбір ың-шыңсыз, сақадай-сай кірісіп отыр деуге болады. Мәжіліс осындай жақсы рәуіште басталғанымен, біртіндеп облыс әкімінің жергілікті жерлердегі істің жайына көңілі тола бермейтіндігі жақсы аңғарылды. Өңір басшысы жылдың аяқталуына аз ғана уақыт қалуына байланысты аудандар мен қалалар әкімдіктерінен күрмеуге келмей жатқан мәселелерді қатаң сұрап, жоғары талаптар қойды. Соның ішінде Есіл ауданындағы қазақ орта мектебі мен Степногорск қаласындағы қазақ балабақшасын тездетіп іске қосу да өңір басшыларына нықтай түсті. Әсіресе, Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылындағы қазандық жұмысын бір жүйеге келтіре алмаудың жай өткір сынға алынды. Екінші мәселе бойынша мәжілісте облыстық қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Бақыт Есімова баяндама жасады. Баяндамашы облысымызда 2009-2011 жылдарға арналған мүгедектерді оңалту жөніндегі үш жылдық бағдарламаның орындалу барысына жете тоқталып өтті. Бұл маңызды бағдарламалараға Зеренді, Целиноград аудандарында бюджеттен біршама қаржы бөлінсе, қалған аудандарда бұл жағы ескерілмеген. Сондықтан да, облыс мүгедектер арбасына жұмсалатын шығындар жөнінде елімізде соңғы орындардың бірінде келеді. Осы мәселе бойынша біраз жұмыстар атқарылуын атқарылғанымен, дұрыстап көңіл бөлетін тұстар да аз емес. Мәселен, көп мекемелер мен көпшілік орындарда қарапайым пандустардың өзінің бола бермеуі мүгедектердің жүріп-тұруына қиыншылықтар туғызуда.
Мәжіліс барысында облыс әкімі бұл мәселе бойынша да жергілікті әкімдермен қатаң сұрап, нақтылы тапсырмалар жүктеді. Жылдың аяқталуына да жақын қалды. Сондықтан, қалған айларда етек-жеңді жинақтап, олқы тұстарда алға тартып, қайткенде де жылды табысты аяқтауға күш салу керек. Биыл оған Ақмола облысында мүмкіндік жеткілікті. Енді қалғанын әкімдер мен департамент және басқарма басшыларының ортақ іске жанашырлықтары шешеді. Бірақ,сол жанашырлық пен іскерлік жергілікті жерлерде күткендегідей болмай отыр. Кей әкімдер өз аудандарындағы нақты жағдайды да біле бермейді. Осын қадап айтқан облыс әкімі Сергей Дьяченко егер облысты кейін сүйрейтіндей жағдай болса, ондай басшылардан жыл аяғында сұраныс басқаша болатындығын ескертті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі