Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен селекторлық кеңес түрінде өткізілген экономиканы модернизациялау мәселелер жөніндегі мемлекеттік комиссияның мәжілісінде Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткізілген индустриялдық жобаларды іске қосуға арналған телекөпір барысында облыс бойынша Ақкөл ауданындағы «SC Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұсаукесер рәсімі жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қосалқы жоба - Жақсы ауданындағы «Агрокомплексэксперт» серіктестігі де айқындалып отыр.
Өңір басшысы 2010 жылы Ақмола облысында индустрияландыру картасының шеңберінде құны 73,6 миллиард теңгеге тең 15 инвестициялық жобаның іске асырылғандығын баяндады. Барлық кәсіпорындар технологиялық тұрғыдан ойдағыдай жұмыс істеуде. Алдын ала жасалған желілік кестелерге сәйкес жобалық қуаттары да артып келеді. Бұл жұмыс бүгінгі таңда ерекше бақылауда ұсталып, қосымша жаңа жобаларды игеру қолға алынуда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі