Облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетауда балалардың психо-неврологиялық және тірек-қозғалыс аппараты қызметінің бұзылуынан болатын сырқаттарын емдейтін медициналық-әлеуметтік мекемесінде болып, күрделі жөндеуден өткізілген ғимараттың қазіргі жағдайымен танысты, осында ем қабылдап жатқан жеткіншектердің күрмеуі қиын мәселелеріне назар аударып, оларды шешудің жолдарын қарастырды.
Бұрынғы «Сказка» балабақшасының орнында 1995 жылы ашылған бұл мекемеде бүгінде әртүрлі жастағы 95 бала емделуде. Оның ішінде 20 бала екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан күндізгі топқа барады. Бұл топтағы балаларды ата-аналары жұмыс күні аяқталған соң, үйлеріне алып кетеді. Бұл ретте, ата-аналарға балаларын үйлеріне жеткізу үшін арнайы автокөлік бөлінген. Бірақ, бір ғана көлік болған соң жеткіліксіз. Мекемеде өткізілген Ашық есік күніне жиналған ата-аналар облыс әкімі С.А.Дьяченкодан осыған сыйымдылығы мол автокөлік бөлуді өтінді. Сондай-ақ, осы күндізгі топқа кезекте тұрған балалардың саны облыс орталығының өзінде ғана 40-тан асатынын жеткізе келе, мекемені ұлғайту жөнінде де көмек сұрады.
Өткен жылы мемлекет тарапынан бөлінген 23 миллион теңге қаржыға толық жөндеу жұмыс-тары жүргізіліп, мекеменің іші-сырты әрлендіріліп, қажетті құ-рал-жабдықтар сатып алыныпты. Мекеме басшысы Ермек Мұқанованың айтуынша, ғимараттың барлық терезелері осы заманғы пластикалық терезелерге ауыстырылып, түрлі бағытта қызмет көрсететін бөлмелер толық жөнделген.
Мекемеде мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін 124 қызметкер бар. Олардың 25-і педагог, 11-і медициналық қызметкерлер мен медбикелер. Балалар алты мезгіл тамақтанып, әрқайсысы өзіне қажетті емін алып, физиотерапия, массаж, бассейн, дене шынықтыру кабинеттерінде болады. Осыдан екі-үш жыл бұрын мемлекет тарапынан әр балаға бір күнге 570 теңге көлемінде ақша бөлінген болса, бүгінде 800-1000 теңге бөлінеді екен. Сондай-ақ, қызметкерлердің еңбекақысы өсірілген көрінеді.
Өңір басшысы мекеме ішін аралап көргеннен кейін балалар әзірлеген шағын концертті тамашалап, жиналған қауымның сауалдарына жауап беріп, балалар мекемесінің концерт залына кілем және балаларға тәтті жеміс-жидек сыйлады. Мүмкін-дігі шектеулі балаларды қолдап, олармен жұмыс жасап жүрген ата-аналар мен тәрбиешілерге қайырымды жүрек пен күш-жігер керек екендігі белгілі. Осыны ескерген Сергей Дьяченко мекеме директоры Е.Мұқанова мен қызметкерлеріне алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы және ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында жарияланған Ашық есік күнінде мекемеге демеушілер де келіп, өздерінің сый-сияпаттарын жасады. Бұл күні күз салқынын көңіл шуағы жадыратып-ақ тұрды.
Осы күні облыс әкімі Сергей Дьяченко егде адамдар мен мүгедектер айлығы аясында бар саналы ғұмырларын өңіріміздің дамып, өркендеуіне арнаған бір топ астаналық соғыс және еңбек ардагерлеріне мерекелік дастархан жайып, риясыз құрмет көрсетті. Өңір басшысы меймандарды Көкшетауға кіретін жол бойындағы Құлагер ескерткішінің жанында жылы пейілмен қарсы алып, жылдан-жылға көркейіп келе жатқан облыс орталығының тарихи орындарымен және көрікті жерлерімен танысуларына жан-жақты жағдай жасады. Ұлы Абылай хан ескерткішіне гүл шоқтарын қойған ардагерлерге ән-күйден шашу шашылып, ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.
Көрікті Көкше өңіріне Астанадағы Жастар сарайынан аттанған отыз бес қарт жол бойы Бурабай курорттық аймағының көрікті жерлерінде аялдап, осы өңірде кейінгі уақытта болып өткен өзгерістермен танысты. Әсіресе, қарияларға Абылай хан алаңына, Ақылбай асуына жасалған саяхат өте ұнап, облыс орталығы Көкшетауға жеткенше осы алған әсерлерінен ой бөлісумен болды.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко соғыс және еңбек ардагерлерін қаланың іргесінде қошаметпен қарсы алғаннан кейін, қарттарды Құлагер ескерткішіне бастап, осы бір дала тұлпары символының қалай орнатылғандығы жөнінде айтып берді. Осы арада жиналғандар ескерткішке тағзым етуге келген жас жұбайларды құттықтады. Бұдан кейін еңбек ардагерлерімен бірге автобусқа отырып, Уәлиханов көшесі бойында биыл тұрғызыл-ған «Көкшенің биші кеші» стелласын, көгалдандырылған осы көшені және гүлзарларды көрсетті. Облыс орталығында тұратын еңбек ардагерлерінің ақыл-кеңес беретінін атап өтіп, шын жүректен алғысын білдірді. Бұдан соң меймандарға «Бурабай» спорт сарайын көрсетіп, хоккей спортының даму барысы жөнінде әңгімелеп берді.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко биыл күрделі жөндеуден өткен М.Горький көшесінің абаттандырылуы жөнінде әңгімелеп, жаңа төселген асфальттың астына су, жылу және канализация құбырлары тартылғанын, бедер тасты жаға жол салынғанын, көше бұрылыстары мен жаңартылған автобус аялдамаларына гүлдер қойылғанын, ағаш көшеттері отырғызылғанын, күре жол бойына жарық желісі тартылғанын, сандық бағдаршам қойылғанын, жол бойындағы автокөліктер тұрағын көрсетті. Облыс басшысы еңбек ардагерлеріне бұл көшенің 25 қыркүйекте қала күніне орай салтанатты түрде ашылғанын атап өтті.
Астаналық еңбек ардагерлері Ауған соғысына қатысушылардың скверін, «Мақтай тауы» скверін, Қылшақты өзеніндегі субұрқақты, Абылай хан даңғылы бойындағы бедер тасты жағажолды, жаңа салынып жатқан арқар мен арланның ескерткіші бар скверді көріп, біраз мәліметтер алды.
Бұдан кейін облыс әкімі еңбек ардагерлерімен бірге Абылайхан ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қалалық парк пен Тәуелсіздік адаңындағы Тәуелсіздік стелласын көрсетті. Мерекелік аста еңбек ардагерлерін құттықтап, сыйлықтар табыс етті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажары» газетінің ақпаратынан