Облыс әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес қазіргі кезде еліміздегі астық өнімі 24 млн. тоннадан асып кетті. Оның ішіндегі бидай 20,2 млн. тоннаны құрап отыр. Осыған орай таза салмақтағы астық өнімі 22-23 млн. тонна деңгейінде болжануда. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда мұндай өнім көлемі рекордтық болып табылады. Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлімдеді.
Министрдің сөзіне қарағанда, биылғы жылы еліміздің аграрлық саласында егіннің 1 гектардан түсетін шығымдық бөлігінде тәуелсіздіктен бері қарайғы рекордтық астық өнімі күтілуде. Мұндай өнім алуға ағымдағы жылы қалыптасқан қолайлы ауа райы септігін тигізген. «Бұдан бөлек Елбасының мақсатты аграрлық саясатына сәйкес тәуелсіздіктен бергі көптеген жылдар бойында саланы жүйелі түрде мемлекеттік қолдауда осындай рекордтық көрсеткішке жетелеп отыр. Өйткені, дәл биылғыдай ауа райының қолайлылығы бұдан бұрын да, мәселен 1999-2001 жылдары да болған. Алайда сол кездері ауыл шаруашылығында жақсы тұқым болмады, оңтайлы мерзімде егін сеуіп, жинауға мүмкіндік беретін өнімділігі жоғары техниканы, тыңайытқыштар мен гербициттер қолданудың бүгінгідей деңгейі де болған жоқ», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы көктемгі дала және егін орағы жұмыстарына бюджеттен және «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымдарынан 94,4 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде 78 млрд. теңге бюджеттік несие болып табылады. Ал, тиімді сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12 пайыздан 8 пайызға дейін төмендетілген.
«Қазіргі таңда егін орағы 90 пайыз алқапта аяқталды. Астықтың орташа түсімділігі гектарына 16,5 центнерді құрауда. 1,6 млн. гектар дәнді-дақылдар оның ішінде 1,3 млн. гектар бидай алдағы уақытта жиналады», - деді А. Мамытбеков.
Министр астық шаруашылығындағы негізгі проблемалардың бірі - тауар өндірушілер үшін дәстүрлі сату нарықтарының шектелгендігінде болып отыр,- деп атап өтті. «Қазақстандық астық әрқашан сұранысқа ие болып отыратын қаратеңіздік және балтық порттарында біздің бидай баға жағынан бәсекеге қабілетті саналады. Мәселен, Ресей, Украина және біздің еліміздің бидайының бағасы бір болса, онда сөзсіз қазақстандық астық таңдалар еді. Мәселенің басқа қыры бүгінгі күні теміржол тарифтеріндегі шығындар орташа алғанда 130 долларды құрайды», - дейді А. Мамытбеков.
Қазақстанның астық экспорттық әлеуеті 2011-2012 маркетингтік жылдары 10 млн. тоннадан астам болады деп жоспарлануда.
«Біз қараша айынан бастап астық экспортын ай сайынғы 1-1,2 млн. тоннаға дейін артыруға мүмкіндігіміз бар», - дейді А. Мамытбеков.
«Астық сақтау мәселелерін ең алдымен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өздері шешулері қажет.
Ол үшін барлық жағдайлар жасалған. Бұған арнайы несиелік бағдарламалар ашылып, жеңілдетілген пайыздар да ұсынылып отыр»-, деп мәлімдеді Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.
Сонымен қатар, министр елдегі астық сақтау қоймаларын дамыту мәселесі де жіті назарда екендігін жеткізді. «2010-2014 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасында сақтау қауаттылығын 16 млн. тоннаға дейін жеткізе отырып, элеваторлар салуды қарастыратын инвестициялық жобаларды іске асыру көзделеді. Сондай-ақ 2010 жылдан бері «ҚазАгро» ұлттық холдингінің қатысуымен жалпы сақтау сыйымдылығы 327 мың тоннаны құрайтын 13 астық қоймасы қолданысқа берілді», - дейді А. Мамытбеков.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы жақын күндері сыйымдылығы 109 мың тоннаны құрайтын 3 астық қоймасын қолданысқа енгізу күтіліп отырғанын мәлім етті.
«Осыны ескерсек, астық сақтауға қатысты проблемалардың жергілікті сипатта екендігін және жекелеген ауыл шаруашылығы тауарларын өндрушілерде туындап отырғанын аңғарамыз. Атап айтқанда проблема негізінен өздерінде сақтау сыйымдылықтары жоқ әрі қашықтау өңірлерде орналасқан қоймаларға астығын жеткізу үшін шығын шығарғысы келмейтін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде ғана туындап отыр. Сондықтан жиналған астықты түгел ысырап қылғанша, көлік шығыны болса да элеваторларға жеткізуді жүктеу керек», - дейді А. Мамытбеков.
Биылғы жылғы күтіліп отырған астық өнімінің рекордтық көрсеткішке жетуі - үлкен игілік. Алайда, бұның өзі жекелеген проблемалардың туындап жатқанын айқындайды. Дегенмен еліміздегі астық сақтау проблемалары жаппай сипат алып отырған жоқ.
Министрдің айтуынша, бүгінгі күні Қазақстандағы астық сақтаудың сыйымдылығы 22,5 млн. тоннаны құрайды. Бұның ішінде лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары - 13,6 млн. тонна, ауыл шаруашылығы құрылымдарының астық қоймалары - 8,9 млн. тонна. Бұған қоса ашық алаңқайларда 2,5 млн. тоннаға дейін астық сақтауға болады. «Бидайды полимерлік қаптарда сақтау тәжірибесі де соңғы жылдары кеңінен қолданылуда. Сондай-ақ астықты өз технологиялық сыйымдылықтары бар ұн тартатын кәсіпорындары да қабылдап отыр», - деді А. Мамытбеков.
Облыс әкімдіктерінің ұсынысы бойынша егін орағы науқаны барысында жиналған құрғақ астықтың басым бөлігі қабылдау кәсіпорындарындағы сыйымдылықтар босағанға дейін 8,9 млн. тонна астықты сақтауға мүмкіндік беретін астық қоймаларында жинақталды. Бұл тәсіл өз кезегінде егін орағы аяқталар тұста шабылған ылғалдылығы жоғары астықты қабылдауға мүмкіндік беріп, қабылдау кәсіпорындарындағы 30-40 пайыз сыйымдылықты бос ұстауға септігін тигізген.
«Соңғы кездері «астық сақтауға қатысты жаңа қуатты нысандар іске қосылмаған» дегенге саятын сындар айтылып жатыр. Бұл шындыққа жанаспайды. Мәселен, 1991 жылдан бері қарай сыйымдылығы 2 млн. тоннаны құрайтын 58 астық қабылдау кәсіпорны салынды. Оның ішінде соңғы 5 жылда 672 мың тонналық нысан іске қосылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 651 мың тонналық 42 астық қоймасын өздері салып алды. Ал қазіргі таңда нақтылап айтқанда астық элеваторларының толуы 70 пайызды құрайды», - дейді А. Мамытбеков.
ҚазАқпарат