Кеше облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген әкімдік мәжілісінде облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының өткен тоғыз айдағы жұмысы және өңірде жаңа егіннің астығын тасымалдаудың барысы туралы мәселелер қаралып, талқыланды.Әкімдік мәжілісі өңір басшысының облыстық білім басқармасының бастығы Марат Ыбыраевқа Ы.Алтынсарин төс-белгісін тапсыруынан басталды. Бұдан кейін облыстық сәулет және қала құрылысы бас-қармасының бастығы Владимир Фелбелт осы ведомствоның жыл басынан бергі атқарған жұмысы туралы хабарлама жасады. Хабарламашы осы саладағы ең елеулі кемшілік ретінде облыстағы 641 елді мекеннің 309-ының бас жоспарының әлдеқайда ескіргендігін алға тартты. Өткен кезеңде 36 елді мекеннің бас жоспары жаңартылып, қайта жасалған. Бірақ, бұл жұмыс баяу жүр-гізілуде. Облыста 2015 жылға дейін барлық елді мекендердің бас жоспарларын жаңарту міндеті қойылып отыр. Мұнымен бір мезгілде мемлекеттік қала құрылысы кадастры да жасалуда. Осы жұмыстарға бүгіннен бастап жергілікті әкімдер дәйекті көңіл бөлмесе болмайды. Мәжілісте хабарламашыға бас жоспарларға нендей себеппен жиі-жиі өзгерістер енгізілетіні туралы сауалдар қойылды. Жалпы, бұл мәселеде халықтың мұң-мұқ-тажы да дұрыс ескеріле бермейтін жайлар аз емес. Мәселен, Жақсы ауданының орталығында жаңа жобамен салынған мектеп осындай себептен шет жақта қалып қойған. Оның үстіне облыста сәулеткерлер жетіспейді. Олардың білім-білігі де жақсартылуын талап етеді.
Бұдан әрі мәжілісте «Қазақстан теміржолы» ҰК» акционерлік қоғамының Ақмола бөлімшесінің бастығы Вячеслав Миронов жиналғандарды теміржол арқылы астық тасымалдаудың бүгінгі жай-жапсарынан хабардар етті. Облыста бүгінгі таңда 5219 астық тасымалдайтын вагон бар. Қазір астық тасымалдау жоспары күннен күнге өсіп отыр. Себебі, биыл астық мол. Таяу арада жаңадан келетін 160 жабық вагон осы жұмысты біршама жеңілдете түсуі тиіс. Алайда, астық тасымалдау жұмысын ұйымдастыруда теміржол мен элеваторлар арасында тү-сінбеушіліктер де орын алып қалуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың айтуынша, қазір астық қабылдаушылар етек-жеңдерін жинақтап, осы мақсатта күні-түні жұмыс істеуде. Ал, оларға вагондардың кеш түсуі амалсыз қол бөгеп, қалыптасқан жұмыс ырғағын әлсірете түседі. Сондықтан, бұл істе екі жаққа да жауапкершілік керек.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Сергей Дьяченко осыдан бір жыл бұрын өзінің тиісті ведомстволар мен бас-қармалардың алдына алты бірдей міндет қойғандығын атап көрсетіп, басшылардан осы міндеттердің орындалуын сұрастырып білді. Соның бірі - қираған, ескі үйлер мен ғимараттарды орнынан сырып, елді мекендердің келбетін жақсарту жағы әлі мардымсыз. Ал, оқу орындарында жылы әжетханалар орнату ісі толықтай дерлік шешілді. Қалған мәселелерде де жұмыс атқарылмады деп айтуға болмайды. Бірақ, әлде болса да олқылықтар баршылық.
Бұдан әрі облыс әкімі өңірде жылу беру ісінің жай-жапсарына да қайта бір оралып, жергілікті жерлерде жылуға қосылмай тұрған үйлер жөнінде үлкен алаңдаушылық білдірді. Осы іске жауапты ұйымдар тез арада бұл саладағы жағдайды дұрыстап, қалпына келтіруге бар күштерін салулары қажет. Ашылу мер-зімі кейіндетіліп келе жатқан облыс орталығындағы коммуналдық базарды қазанның 15-нен қалдырмай іске қосу керек. Осы тапсырмалардың барлығы хаттамада атап көрсетіліп, орындалуы бақылауға алынатын болды.Облыс әкімінің баспасөз қызметі.