Облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетауда «Қанатты әйел-4» идеялар мен тауарлардың аймақтық жәрмеңкесіне қатысып, сөз сөйлеп, түрлі аталымдар бойынша осы іс-шараның жеңімпаздарын марапаттау рәсімін жүзеге асырды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен қолға алынған бұл жәрмеңке биыл біздің облысымызда қатарынан төртінші рет өткізіліп отыр.«Көкшетау» мәдениет сарайының кең фоэсінде ұйымдастырылған көрме көздің жауын алады. Ондағы қолдан жасалған неше түрлі ұлттық бұйымдар, басқа да қол өнер жетістіктері әйел-ана, әйел-еңбеккердің біз білетін сүйкімді бейнесін одан әрі айшықтап, осы тылсым құдіретке барынша бас игізгендей. Биыл да жылда бір келер жыл құсындай ерекше елең еткізе келген бұл жәрмеңкеге Ақмола өңірінен 38 іскер әйел қатысып отыр. Олардың бәрі де көрмедегі өз еңбектерімен жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленгені анық.
Көрмені жан-жақты тамашалап, ондағы жылт еткен әрбір жақсы нышанға үлкен мән берген облыс әкімі Сергей Дьяченко салтанатты шарада сөз сөйлеп, өңір әйелдерінің қоғамдық өмірдегі бұл белсенділігіне жоғары баға берді. Сонымен бірге, жиналған жұртшылықты қысқаша облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен де таныстыра келіп, барлық аяулы жандарға өмірдің сәні, өз отбасыларының береке-мәні болуларына тілектестігін білдірді.
Сөйтіп, жәрмеңкеде озып шыққан жеңімпаздарды марапаттау салтанаты да келіп жетіп, бүгінгі көпшіліктің қошеметіне ие болған үздіктер сахна төріне көтерілді. Атап айтқанда, «Ұлттық әуендер» аталымы бойынша Смағұл Кенжебай және Қалима Қазбекова, «Өз ісінің шебері» аталымы бойынша Валентина Жақыпбекова, «Таңғажайып нәзіктік» аталымы бойынша Людмила Яроцкая, «Иннова-циялық жоба» аталымы бойынша Надежда Белимова таңдаулы деп танылып, облыс әкімі Сергей Дьяченконың қолынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар алды. Осындай құрмет жас қазақстандықтарды тәрбиелеу мен қалыптастыру ісіне көп еңбек сіңірген облыс орталығындағы «Ертөстік» бала бақшасының меңгерушісі Светлана Еликоваға да көрсетілді.
«Қанатты әйел-4» идеялар мен тауарлар аймақтық жәрмеңкесінің жеңімпазы Надежда Белимова жауап сөз сөйлеп, өздерінің азды-көпті еңбегінің әділ бағаланғандығы үшін облыс әкіміне және облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияға
жеңімпаздар атынан алғыс сезімін білдірді. Әйелдер қауымына қанат бітіргендей болған әсерлі шараның соңы мазмұнды концертке ұласты.Облыс әкімінің баспасөз қызметі.