Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы Болат Жәмішев ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында мәлім етті. ҚР Қаржы министрлігі 2014 жылы экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезені іске қосады. Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы Болат Жәмішев ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында мәлім етті.
Оның атап өтуінше, қазіргі таңда сыртқы экономикалық қызметке қатысушы экспорттау, импорттауда тауарларын рәсімдеу барысында 14-17 құжат ұсынуы қажет. Ал бұл құжаттарды ұсыну үшін оларды мемлекеттік органдардан алады. Өз кезегінде бұл импортталатын немесе экспортталатын тауардың санатына байланысты шамамен 40-қа жуық құжат жинауға әкеледі. «Бұл бизнеске кедергі келтіреді, оған қоса кез келген қиындық жемқорлық туындатады. Әңгіме экспортқа немесе импортқа рұқсат алуымен байланысты осы шешімдердің барлығына араласатын мемлекеттік органдардың санының көп болып отырғандығы төңірегінде болып отыр», - деді Б.Жәмішев.
Оның сөзіне қарағанда, тауарларды импорттау немесе экспорттау барысында Кеден комитетінен бір ғана құжат алынады. Яғни жоғарыда аталған қалған құжаттарды беру басқа мемлекеттік органдардың еншісінде қалып отыр. «Жемқорлық ақпараттандыру арқылы төмендейді», - дейді ол.
Қаржы министрлігі 2012 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» интеграцияланған ақпараттық жүйесінің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді мақсат етіп отыр. Одан кейін аталған ақпараттық жүйеге тапсырыс береді. Ал Дүниежүзілік банктің займы есебінен жүзеге асырылатын ақпараттық жүйенің өзі «е-кеден» жобасымен бірге әзірленетін болады.
ҚазАқпарат