Облыс әкімі Сергей Дьяченко кезекті жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, Астананың айналасындағы елді-мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарының жүзеге асырылу барысымен танысты.Жалпы, аталған жоспар Астанаға жақын орналасқан Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандарындағы 20 елді мекенді қамтиды. Өткен жылы Целиноград ауданындағы Ақмол ауылының әкімшілік орталығының инфрақұрылымын дамыту бойынша алғашқы жобалар жүзеге асырылды. 2011-2014 жылдар аралығында 10 елді мекеннің 280 шаршы метр су құбырлары жүйесін жаңарту, 848 шаршы метр электр желілерін және 15 елді мекенде қосалқы станция салу жоспарланған. Сондай-ақ, барлық 20 елді мекенде автокөлік жолдарының негізгі учаскелеріне күрделі жөндеу жүргізіліп, 10 бала бақша, 6 орта мектеп, 17 денсаулық сақтау нысандары салынатын болады.
Ақмол ауылында бу қазандығы мен жылу құбырларын салу бойынша ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Кезекті жұмыс сапары барысында Қосшы ауылына арнайы ат басын бұрған облыс әкімі Сергей Дьяченко аталған елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарды еңбекпен қамту, қосымша жұмыс орындарын құру, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамту мәселелеріне айрықша назар аударды. Өңір басшысы қысқа мерзім ішінде салынып, заманауи құралдармен жабдықталған, қуаттылығы тәулігіне 10 мың текше метр тазалағыш қондырғы кешенін, «Лесная поляна» шағын ауданы мен басқа да тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттарды жылумен қамтып отырған жаңа бу қазандығын аралап көрді.
Өңір басшысы «Лесная поляна» шағын ауданында тұрғын үйлер салып жатқан мердігер ұйымдардың басшыларымен кездесті. Құрылысшылар барлық нысандар, сондай-ақ, мектеп үйі жыл аяғына дейін пайдалануға берілетіндігін жеткізді. Осы ретте, барлық үлескерлер, яғни, 3126 адам пәтермен қамтамасыз етілетін болады. Облыс әкімі сондай-ақ, мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген екі көппәтерлі үйдің айналасын әрлеу, абаттандыру жұмыстарының сапасына жоғары баға берді. Қазірдің өзінде тұрғын үйлерге жылу беріліп, ыстық сумен қамтылған.
Қосшы ауылының тұрғындары үшін тағы бір айтулы оқиға - жақында 120 орындық «Әмина-2011» бала бақшасы ашылатын болады. Осы ретте, өңір басшысы бүлдіршіндерге екі қабатты коттедж ғимаратын ұсынған кәсіпкермен әңгіме барысында ел игілігі үшін жасалып жатқан осындай бастамалар билік тарапынан қашанда қолдау табатындығын, мұндай ірі жобалар алдымен, жұрт талғамынан шығатындай сапалы салынуы қажеттігін ескертті.
Облыс әкімі сондай-ақ, жергілікті билік автобус қатынауды ұйымдастыруды жоспарлап отырған Қосшы ауылынан Тайтөбеге дейінгі жол сапасымен танысты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі