Облыс әкімі Сергей Дьяченко кезекті жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, Щучинск қаласын айналып өтетін жаңа жолдың сапасына назар аударып, құрылысшылар алдына облыс және курортты аймақ үшін өмірлік маңызы зор осы жолдың тездетіліп пайдалануға берілуі жөнінде нақтылы міндеттер қойды, аудан орталығын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысып, туристік кластерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жаңа жобаларды іске асырудың жай-жапсарын пысықтадыОблыс әкімі Сергей Дьяченко ұзындығы 23 шақырымға созылған айналмалы жолдың бүгінгі жай-күйімен таныса келе, құрылысшылардан қабылдау комиссиясы тарапынан айтылған сын-ескертпелерді тезірек жоюды талап етті. Жол құрылысы басшыларының мәлімдеуінше бұл жоба қараша айының соңында іске асырылмақшы. Бұдан кейін Бармашина шағын ауданында қойылған жаңа автобус аялдамалары мен осында жөнделіп жатқан көше жолдарын қарап шыққан облыс әкімі жол шетіндегі қоқыстарды тезірек жинап, шағын ауданның санитарлық тазалығын дұрыстау жөнінде тапсырмалар берді. «Мерей» балабақшасы мен аудандық аурухананы да аралап шыққан Сергей Дьяченко Щучинск-Бурабай курортты аймағында туристік кластерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалармен танысты. Әңгіме барысында соңғы бес жылда курорттық аймақта қоғамдық маңыздағы 50-ге жуық нысан іске қосылғандығы атап өтілді. Айталық, қазір «Бурабай» туристік орталығын құру жөнінде үлкен жоба қолға алынуда. 2004 жылмен салыстырғанда облысқа келетін туристер саны шамамен 8 есеге артып отыр. Ал, облыстың өзіндегі ішкі туризм 22 есеге ұлғайған көрінеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.