Жексенбі күні облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетауда өткізілген Бурабай, Ерейментау, Зеренді аудандарының және облыс орталығындағы бірқатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кезекті азық-түлік жәрмеңкесінде болып, сатуға әкелінген өнімдердің сапасы мен бағасына назар аударды, жұртшылық өкілдерінің осы жөніндегі ой-пікірлеріне құлақ түріп, таяуда облыс орталығында істің жайын одан әрі жақсартуға септігін тигізетін коммуналдық базардың ашылатындығын атап көрсетті.Бүгінгі күні дәстүрге айналып отырған ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі базардағы азық-түлік бағасының өсуіне тосқауыл болып отыр. Жыл басынан бері облыста 560 жәрмеңке ұйымдастырылып, 940 миллион теңгенің тауары сатылды. Бұл жол-ғы жәрмеңкеде ет, сүт, ұн өнімдерімен қатар жеміс-жидек, көкөніс сатылып, қала тұрғындары арзан, әрі сапалы өнім алып бір қуанып қалды. Жәрмеңке саудасын қыздыр-ғандар қатарында Бурабай, Ерейментау, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер болды. Делдалсыз жеткізілген азық-түлік бағасы базардағыдан анағұрлым төмен болғандықтан, бұл бізге кәдімгідей қолайлы болды дейді тұрғындар. Ал, жәрмеңкені арнайы аралап, көрген облыс әкімі Сергей Дьяченко әлеуметтік мәні зор азық-түлік өнімдерінің бағасын тым көтерілуін тежеп қана қоймай, та-уар сапасына назар аудару қажеттігін жеткізді. Жәрмеңкеде 40 миллион теңгенің өнімі сатылды. Осы ретте жылқы еті 1200 теңге, сиыр еті 900, қой еті 950, ірімшік 220, құрт 300, сүт 85, қымыз 700, картоп 30, қырыққабаттың келесі 30 теңгеден сатылды. Бұл әрине, егде адамдар мен мүгедектер сияқты халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына көмек-қолдау айлығы тұсында үлкен сый болды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажары» газетінің ақпаратынан