Облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген аппарат мәжілісінде Ақмола облысының 2011 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және облыс бюджетінің орындалуы туралы мәселелер қаралып, талқыланды. Аппарат мәжілісіне облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудандар мен қалалардың әкімдері, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, банкілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Мәжілісте облыс әкімі Сергей Дьяченко алдымен, активке жаңадан тағайындалған бірқатар басшыларды таныстырып өтті. Жуырда Қорғалжын ауданының әкімі болып тағайындалған Дулат Хамитжанов мемлекеттік қызметші антын қабылдады.
Бұдан кейін мәжіліс күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға көшіп, сөз баяндама жасау үшін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Мұратбек Тақамбаевқа берілді. Баяндамашы өз сөзінде облыстың бүгінгі таңдағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Облыста өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі өткен тоғыз айда 160 миллиард теңгені құрады. Нақты көлем индексі былтырғыға қарағанда 119,7 пайызға өсіп отыр. Дегенмен, алты ауданда өнеркәсіп өнімдерінің төмендеуіне жол берілген.
Жалпы, облыста 21 көрсеткіш бойынша жағдайдың бұрынғыдан жақсарғандығы байқалады. Ал, 12 көрсеткішке жасалған талдау бұл көрсеткіштердің 2010 жылдың деңгейінде қалып отырғандығын байқатып отыр. Бұл жағдайды жыл аяғына дейін Индустрияландыру картасы бойынша 14 жобаны, азық-түлік белдігіне сәйкес 7 жобаны іске қосу арқылы түзетуге болады. Бұл жобалар қайткен күнде де тездетіліп іске асырылуы тиіс.
Биыл облыс үшін ауыл шаруашылығы жылы жақсы қалыптасты. Сөйтіп, осы салада жалпы өнім көлемі 126,2 миллиард теңгені құрай түсті. Бүгінгі таңдағы басты мәселе бюджет қаржысын толық игеруде болып отыр. Бұл жағынан әлі де болса кемшілік көп. Қазір 2 миллиард 115 миллион теңгенің игерілмей отырған жайы бар. Жыл аяғына дейін уақыт мүлдем аз қалды. Осы қаржы игерілмесе, қайтадан Үкіметке қайтарылады.
Мәжілісте екінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық қаржы басқармасының бастығы Талғат Бөлтенов әр сала бойынша нақты жағдайға одан әрі кеңірек тоқталып, алдағы жүзеге асырылатын істерді қамти түсті.
Бұдан кейін осы мәселелер бойынша жарыссөзде Көкшетау қаласының әкімі Мұнарбек Батырханов, Целиноград ауданының әкімі Манат Жүнісов, облыстық құрылыс басқармасының бастығы Михаил Косачев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қасымжан Тәшіметов сөз сөйлеп, өз салаларындағы істің жайын нақты баяндап берді.
Одан әрі мәжілісте облыс әкімі Сергей Дьяченко қорытынды сөз сөйледі. Өңір басшысы өз сөзінде ең алдымен, әкімдер мен басқарма басшыларының ал-дына жалпы аймақтық өнім жөнінде көзделген 8 пайыз-дық өсімді мүлтіксіз қамтамасыз ету міндетін қойды. Қазір егін орағы іс жүзінде аяқталды деуге болады. Жалпы алғанда 6,6 миллион тонна немесе өткен жылдағыдан 2,4 есе көп өнім жиналады деп күтілуде.
Ал, мал шаруашылығында проблема көп. Бәрінен бұрын төрт түлік бойынша мал саны кеміп кеткен. Биыл көп жерлерде жемшөптің 1,5 жылдық қоры жасалды. Бұл мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы мүмкіндік туғызады. Бұдан әрі облыс әкімі әрбір сала бойынша алда тұрған міндеттерге нақты тоқталып өтті. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 1,3 миллиард теңгенің 308 миллион теңгесі немесе 23 пайызы ғана игерілгендігіне қатты қынжылыс білдірді. Тұтыну бағасының индексі де республикалық орта көрсеткіштен төмен. Құрылыста, әсіресе, тұрғын үй құрылысында да ескеретін жайлар бар. Негізгі капиталға 75,3 миллиард теңге инвестиция салынған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткішті жақсартуға күш салуы керек. Облыста туберкулез ауруы 11 пайызға, қатерлі ісік аурулары 3 пайызға, өлім-жітім 20 пайызға азая түскен. Соған қарамастан, сәбилер мен аналардың өліміне жол берілгендігі алаңдатады. Осы мәселелерге көңіл бөлген облыс әкімі бұдан кейін алда келе жатқан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойының мән-маңызына тоқталды.
-Бұл бүкілхалықтық мерекеге біз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жетекшілігімен жан-жақты дамып, өркендеген тәуелсіз ел ретінде қадам басқалы отырмыз. Осы мерекеге орай, барлық елді мекендер талапқа сай безендіріліп, көшелер, басқа да қоғамдық орындар тиісті тәртіпке келтірілуі тиіс. Біз осы күнге көзделген нысандардың бәрін іске қосып, үлкен тартумен келуіміз керек. Қарашаның 16-17 жұлдызында Астана қаласында Ақмола облысының күндері өткелі отыр. Бұл маңызды шаруаны өте жоғары деңгейде атқарып, мерекелі жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында неғұрлым жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу басты міндетіміз, - деді облыс әкімі өз сөзінде.
Әкімдік мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажары» газетінің ақпаратынан