Жұма күні өткізілген Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс отыз сегізінші сессиясының алдында «Депутат сағаты» болып өтіп, онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өмірлік маңызы бар бірқатар мәселелер қаралып, талқыланды.«Депутат сағатын» облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Сағынтай Елубаев ашып, жүргізіп отырды. Мәжілісте алдымен, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау бас-қармасының бастығы Мұратбек Тақамбаев сөз алып, «Ақмола облыстық мәслихатының 2010 жылғы 10 желтоқсандағы «2011-2013 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» хабарлама жасады. Сондай-ақ, ол өз сөзінде облыстық бюджеттің іске асырылуы жайлы да тоқталып өтіп, жергілікті бюджеттің орындалу көрсеткіші мен бөлінген қаражат көздерінің игерілу қорытындысы бойынша қосымша бөлінген 1,2 миллиард теңгені алдағы уақытта игеру қажеттігін мәлімдеді. Басқарма бастығының сөзіне қарағанда, облыс орталығында инсульт орталығын ашуға, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және әлеуметтік саланы жетілдіруге, мәдениет және білім саласын дамытуға қомақты қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, тұңғыш рет дарынды балаларға облыс әкімінің арнайы стипендиясы тағайындалатындығы да тілге тиек етілді.
Бұдан кейін, облыс әкімі аппаратының басшысы Болат Жұпынов Ақмола облысының басқару жүйесі мен бірқатар консультативтік-кеңестік органдардың құрамына өзгерістер енгізу туралы хабарлама жасады. Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Еркеш Баяхметов облысымызда 2012-2014 жылдарға арналған мал тұқымын асылдандыру бағдарламасы туралы баяндады. Хабарламашы өз сөзінде Елбасының халыққа арналған биылғы Жолдауында баса мән берілген мал шаруашылығын дамытуды жүзеге асыру елімізде кешенді түрде қолға алынып келе жатқандығын, өңірде асыл тұқымды мал сатып алуға мүмкіндіктер жоқ емес, бар екендігін айтты. Ал, депутаттардың осы жұмыстың барысында туындап отырған олқылықтар туралы сауалына мал дәрігерлік мамандардың жетіс-пеушілігін алға тартты.
Облыстық мәслихаттың депутаттары, бірқатар басқармалар мен ведомстволардың басшылары қатысқан мәжіліс барысында барлық мәселелер осылайша тыңғылықты талқыланып, сессияның күн тәртібіне ұсынылды.Облыс әкімінің баспасөз қызметі "Арқа ажары" газетінің ақпаратынан