Бурабай ауданында облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Сергей Дьяченконың төрағалық етуімен өткізілген ассамблея кеңесінің көшпелі мәжілісінде өңірдегі ұлтаралық келісім мәселелері қаралып, талқыланды.Аудандық мәдениет үйінде өткен көшпелі мәжіліс басталмас бұрын ассамблея кеңесінің мүшелері Щучинск қаласындағы №2 орта мектепте болып, осындағы шағын орталықтың ертеңгілігін тамашалады және мектеп ассамблеясының жұмысымен танысты. 850 бала оқитын бұл білім ордасында 18 ұлттың өкілдері еңбек етіп, білім алатын көрінеді. Сондықтан, мұнда осы бағыттағы тәлім-тәрбие жұ-мыстарын жіті назарда ұстауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұған ассамблея жұмысымен жақын таныса келе, кеңес мүшелерінің де әбден көздері жетті. Мектепте ұйымдастырылған ұлттық тағамдар көрмесі, әр тілде әуелете
шырқалған әсем әндер шағын орталықта тәрбиеленіп жатқан 100-ге жуық бүлдіршіннің өнеріне ұласып, облыс әкімін, өзге меймандарды қатты сүйсінтті.
Мәжілісте алдымен, күн тәрті-біндегі бірінші мәселе бойынша ассамблея құрамына жаңа мүшелер сайланып алынды. Одан кейін облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Сер-гей Дьяченко облыстағы этника-аралық және конфессияаралық жағдайдың бүгінгі жай-жапсары туралы баяндама жасады. Баяндамада жергілікті жерлердегі жұмыс тиімділігін арттыру үшін осыған дейін мұндай көшпелі мәжілістер Астрахан ауданы мен Степногорск қаласында өткізілгендігі, ал, бүгін Бурабай ауданында жалғастырылып отырғандығы айтылды. Себебі, бұл аудан да көп ұлттың өкілдері тоғысқан өңір. Жалпы, облыстың жағдайына келсек, өңірде ұлттық-мәдени орталықтар мен діни бірлестіктердің рөлі күннен-күнге арта түсіп отырғандығы айқын байқала түсуде. Бүгінге дейін 40 этномәдени бірлестік пен 315 діни ұйымның тіркеліп, жұмыс істеп жатқандығы осының айқын айғағы. Бұл орайда, елімізде ұлт-аралық қатынастың нығайтылып, қоғамымыздың қалыпты жағдайда дамып, өркендеуіне Елбасының көреген саясатымен өмірге келген Қазақстан халқы ассамблеясының қосып отырған үлесі зор.
Баяндамада осы мәселелерді бір саралап алған облыс әкімі бұдан әрі Бурабай ауданындағы нақты жағдайға да жеке тоқталды.
-Бурабай курортты аймағының кірер қақпасы болып табылатын аудан орталығында жөні түзу концерт залы да жоқ. Бұрынғыларының бәрі қирап, ұстағанның қолында кеткен. Спорт қондырғыларымен де солай. Бұрынғы орталық стадион он жылдан астам құлазып тұр. Жуырда аудандық ауруханада болдым. Мұндайды бұрын көрмеген едім, аурухананың жұ-мысы ешбір сын көтермейді. Қарапайым аппараттардың өзі жоқ. Қала жолдары нашар. Бір сөзбен айтқанда, ауданда әлеуметтік сала жеткілікті дамымай отыр. Қоғамда шиеленіс тудыратын жағдайлармен де күрес ойдағыдай емес. Осының бәрін аудан басшылығы жете ескеріп, тезірек жағдайды түзетудің қамын жасауы керек, - деген тұрғыдағы облыс әкімінің сындарлы сөзі әрине, бурабайлықтарды ойландыруы тиіс.
Көшпелі мәжілісте одан әрі «Бурабай ауданында этникааралық және конфессияаралық келісімді нығайту жөнінде қолданылып жатқан шаралар туралы» аудан әкімі Владимир Балахонцев баяндама жасады. Баяндамада ауданда осы орайда атқарылып жатқан жұмыс-тар мен алда тұрған міндеттер қамтылды. Баяндама бойынша жарыссөзде сөз сөйлеген аудандық мемлекеттік тілді оқыту жөніндегі орталықтың әдіскері Арайлым Қа-йырымденова, «Вайнах» облыстық шешен-ингуш қоғамының мүшесі Фаина Хашиева, «Лад» республикалық славян қозғалысы» аудандық филиалының төр-ағасы Юрий Мицай, аудандық білім бөлімінің бастығы Валерий Гамазов және «Видергебург» аудандық неміс-ағарту қоғамының төрайымы Валентина Рыбинцева ұлтаралық келісімді одан әрі нығайту бағытында өз мекемелерінде қолға алынып келе жатқан істерді ортаға салып, кейбір ой-пікірлерімен бөлісті. Бұдан әрі «Көкшетау татар мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің қызметі туралы осы ұйымның төрағасы Фарук Богапов хабарлама жасады. Хабарлама барысында бұл бірлестіктің кү-шімен татар диаспорасының өз ана тілін сақтап, мәдениетін дамытуда бірсыпыра жетістіктерге қол жеткізгендігі айқын көріне түсті.
Облыс әкімі Сергей Дьяченко өзінің қорытынды сөзінде еліміздегі бүгінгі қоғамдық-саяси жағдайдың мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысты одан әрі жақсарта түсуін қажет ететіндігін баса атап көрсетті. Жергілікті жерлерде үкіметтік емес ұйымдармен, этномәдени бірлестіктермен байланыс-ты жетілдіру қажет. Оның барысында әсіресе, жастар арасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Осыған байланысты аудандар мен Көкшетау және Степногорск қалаларының әкімдеріне бұл жұмысты ширату жөнінде ұсыныстар айтылды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жергілікті бюджеттерде этномәдени бірлестіктер өткізетін іс-шараларға, мемлекеттік тілді оқып-үйренуге бөлінген қаржы қайта қаралуы керек. Әлеуметтік мәдени көзқарастарды біртіндеп жақсы жағына өзгертуге, елімізде, соның ішін-де облысымызда болып жатқан игі өзгерістер арқылы қоғамдық оң пікірді қалыптастыруға жергілікті жерлердегі әрбір басшы барынша ынталы болуы керек. Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажары» газетінің ақпаратынан