Облыс әкімі Сергей Дьяченко барша мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Құрбан айтының алғашқы күні Науан Хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінде болып, айт намазына жиналған қалың көпшілікті ізгілік пен имандылыққа үндейтін ұлық мерекемен құттықтап, ең ізгі тілектестігін білдірді. Облыс әкімі өз сөзінде ең алдымен, ақмолалық діндарлардың өңірде ынтымақ пен бірліктің, тұрақтылық пен келісімнің жарасым табуына қосып келе жатқан сүбелі үлестерін ерекше ауызға алып, имандылық, қайырымдылық пен ақыл-парасаттылық бар елде ең ізгі мұраттар мен рухани құндылықтардың да жақсы көрініс таба түсетіндігін атап көрсетті. Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың әрдайым зор мән беріп отыруының арқасында тәуелсіз еліміз сан ұлт пен конфессияның өкілдері бір-бірімен ортақ тіл табысқан берекелі де іргелі мемлекетке айналып отыр. Талай ғасырлар бойы ислам діні адамзат баласының асыл мұраттарына қызмет етіп келе жатқан көне де шежірелі кеңістікте бүгінгі күні де сол дәстүрден таймай, ұрпақтар сабақтастығын алға апаруымыз қазақ елінің болашағы бұдан да жарқын боларына сендіре түседі. Өз сөзінде Көкшетау қаласында салынып жатқан жаңа мешіттің құрылысы да көп ұзамай міндетті түрде аяқталатындығын, сөйтіп, өңірде ислам дінінің одан әрі өркен жая түсуіне қолайлы мүмкіндіктер туатындығын атап көрсеткен облыс әкімі әрбір отбасына жақсылық тілеп, осындай діни мерекелер адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жарастыра беруіне шын ықылас-ниетін жеткізді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Арқа ажары» газетінің ақпаратынан