Бүгін облыс әкімі Сергей Дьяченконың төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына дайындық мәселелері қаралып, талқыланды.Биылғы жылдың ең жарқын мерекесі - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына да аз ғана уақыт қалды. Қазір жер-жерде еліміз үшін осы үлкен оқиғаны лайықты қарсы алу шаралары қызу қолға алынуда. Облыста осы айтулы күнді қоғамдық-саяси өмірдегі, экономикадағы зор жетістіктермен атап өтудің барлық алғышарттары жасалуда десек артық емес. Соның бірі - тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында қолға алынатын «20 жұлдызды шың» атаулы іс-шарасы. Бұл шара қарашаның 26-сы күні басталып, желтоқсанның 16-сы, яғни, тәуелсіздік күні аяқталады. Бұл іс-шараның арасында әрбір күн белгілі бір салаға арналып отырылмақшы. Ал, жалпы, 20 жұлдызды күннің басы «Менің Қазақстаным» күнімен басталады. Одан әрі әрбір күн тәуелсіздікпен қол жеткен белгілі бір жетіс-тіктерге, Ата Заңға, мемлекет-тік рәміздерге, білім, денсау-лық, тағы басқа салаларға арналып, әртүрлі іс-шараларға толы болмақшы.
Кеңесте бұл «20 жұлдызды шыңның» жоспарымен таныстырған облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүл-жанар Болатқызының хабарламасында осы игілікті іс жан-жақты қамтылып, өзінің бай мазмұнымен ерекшеленетіні байқалды. Бір ғана мәселені айта кетсек, осы 20 күннің ішінде облыс бойынша жаңадан 40-тан астам өндірістік, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар іске қосылып, соның негізінде көптеген жұмыс орындары ашылатын болады.
Облыс әкімі Сергей Дьяченконың білдірген бірқатар сын-ескертпелерінен кейін бұл жоспар мақұлданып, одан әрі толықтырылған күйінде жүзеге асырылатын болып келісілді. Бір айта кетерлігі, жоспар бо-йынша көзделіп отырған 500-ден артық іс-шаралардың дені аудандарда өткізілмекші.
Кеңес барысында мұнымен қатар, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында өмірлік маңызы бар бірқатар мәселелер де қосымша сөз болды. Атап айтқанда, облыс әкімі өткен аптада пайдалануға берілген коммуналдық базардағы қазіргі төмен бағаны ұстап тұру қажеттігін тиісті орындарға қатаң ескертіп өтті. Сондай-ақ, өңірде кейінгі айларда инфляцияның деңгейі өсіп отырғандығы, әсіресе, дәрі-дәрмектің қымбат екендігі, сығымдалған газдың бағасының жоғарылығы қатты сынға алынды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров осы жөнінде қынжылыс білдіре келе, мұның түпкі себеп-салдарын қарастырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе - азаматтарды күзгі міндетті әскери қызметке шақыру туралы есеп берген Ақмола облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Александр Старцев негізінен, облыстағы бұл орайдағы жағдайды оң бағалады. Әсіресе, ол жас жігіттердің бұрынғыдай емес, қазір әскерге ынталы екендіктерін тағы бір айтып өтті. Бұл әрине, қуанарлық. Дегенмен, мына бір жағдай алаңдатпай қоймайды. Былтыр облыс бойынша әскерге шақы-рылғандардың 27 пайызының толық орта білімі болмаған. Бұдан «сонда біз әскерге кімдерді жіберіп жатырмыз?» деген заңды сұрақ туындайды. Осы күнгі мұндай жастардың екінің бірінің денсаулығы да мәз еместігі бұрыннан белгілі жай.
Аппарат кеңесін қорытындылаған облыс әкімі Елбасы тапсырған барлық тапсырмаларды ойдағыдай орындап шығу тәуелсіздіктің 20 жылдығына ең басты тартуымыз болатындығын айта келе, әрбір басшыға қатаң түрде осы бағыттағы жұмыстардың бәрін жандандыруды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.