Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев пен облыс әкімі Сергей Дьяченко қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан Көкшетау әуежайында болып, Үкімет тарапынан осы мақсатқа бөлінген қаржының игерілу жайымен танысты, сонымен бірге, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған Көкшетау қаласының іргесіндегі жаңа ауылда атамекенге оралған қандастарымыздың тұрмыстық жағдайларын өз көздерімен көріп, елді мекеннің қысқа дайындық мәселелерін пысықтады.Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев әуелі күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан әуежай ғимаратын аралап, атқарылған жұмыстарды өз көзімен көріп, Үкімет және оған қосымша облыс тарапынан бөлінген қаржының игерілу жайына көңіл бөлді. Көкшетау әуежайын халықаралық бағыттардағы үлкен ұшақтар қона алатын әуежайға айналдыру бөлінген 8,3 миллиард теңге қаржының есебінен бүгінгі таңда негізгі жұмыстар аяқталған. Атап айтқанда, ұшу жолақтарының құрылысы толық мәресіне жетіп, әуежай ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары еңсеріліп қалған. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан бас мердігер «Құлагер» акцио-нерлік қоғамының өкілі келесі жылдың қыркүйек айына дейін көзделген істердің толық аяқталатындығын айтты.
Министр тікелей әуежай басында шағын мәжіліс өткізіп, мердігер компаниялардың есептерін тыңдады. Бекітілген жоспар бойынша әуежайдың ұшу жолақтары биылғы жылдың 20 қарашасына дейін аяқталуы тиіс. Сол кезден бастап әуежай ұшақтарды қабылдай бастамақ. Дегенмен, осы арада туындап отырған бірқатар қиындықтардың бар екендігі анықталды. Ол ең алдымен, ұшу алаңдарына жарық белгілерін орнатуға байланысты болып отыр. Берік Камалиев бұл мәселені жедел шешіп, жұ-мысты жоспарға сай аяқтауды қатаң тапсырды. Сонымен бірге, қыруар қаржы бөлініп, қайта жаңартылған әуежайдың ертең қаңырап бос тұрып қалмауына, халықаралық дәрежедегі ұшақтардың
қонуын уақытында қамтамасыз ету қажеттігіне де назар аударылды.
Бұдан кейін Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев пен облыс әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласының іргесіндегі Нұрлы көш ауылына ат басын тіреді. Мұнда тұрғындардың шағымдары бойынша былтыр қыста суық болып, әбдіні алған үйлерді жылыту үшін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір 40-қа тарта үй қайта жөнделген. Атқарылған осы жұмыстардың сапасы жөнінде министр баспана иелерінен сұрап білді. Тұрғындар тарапынан жөнделген үйлердің сапасына байланысты әзірге еш реніш жоқ көрінеді. Бұл мақсатта бөлінген қаржы таяу күндерде толық игеріліп, жөндеу жұмыстары аяқталмақшы. Яғни, Нұрлы көш ауылының тұрғындары биыл қыстан қысылмай шығады деген үміт бар.Облыс әкімінің баспасөз қызметі