Облыс әкімі Сергей Дьяченко кезекті жұмыс сапарымен Степногорск қаласында және Ақкөл ауданында болып, бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты, шет елден әкелінген асыл тұқымды ірі қара малға арналған бордақылау алаңын аралап көріп, еттік бағыттағы мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне назар аударды. Степногрск қаласында облыс әкімі өсімдіктерді қорғау бағытындағы құралдар шығаратын «Астана Нан Химикалс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Кәсіпорынның атқарушы директоры Мұрат Сарсенбаев өңір басшысына егіншілік саласы үшін аса қажетті өндіріс орнының жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Ақкөл ауданында іске қосылғалы отырған «СК Фуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің толық циклмен жұмыс істейтін көп бағытты кешені өзіндік ерекшелігі бар кәсіпорындардың бірінен саналады. Мұнда отандық және шет елдік асыл тұқымды малдан ет өндіру тұрақты жолға қойылмақшы. Бұл жұмысты жоғары технологиялық желілер қамтамасыз ететін болады. Кешен 3000 бас отандық ірі қара және 2400 бас асыл тұқымды ірі қара мал бордақылау алаңдарынан тұрады. Қазірдің өзінде бұл серіктестікке Америка Құрама Штаттары мен Австралиядан еттік бағыттағы асыл тұқымды 1000 бастан астам ірі қара мал әкелініп отыр.
Осы заманғы технологиялы кешен биылғы жылдың 11 қарашасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумы аясында салтанатты жағдайда іске қосылатын болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі